Екпе тек баланы ғана емес, оны қоршаған ортаны да қорғайды – педиатр Мадина Мусахан

Екпе тек баланы ғана емес, оны қоршаған ортаны да қорғайды – педиатр Мадина Мусахан
Фото: Мадина Мусаханның жеке мұрағатынан

Астана қаласының педиатр маманы Мадина Мусахан баланы вакцина арқылы қорғаудың маңызын, екпенің аутизмге еш қатысы жоқ екенін және ата-аналардың қандай қателікке бой алдырмауы керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Соңғы жылдары Қазақстанда вакцинаға деген көзқарас екіге жарылды. Бір тарап ғылыми медицинаға сүйеніп, екпені міндетті деп санаса, екінші тарап түрлі себептермен вакцинациядан бас тартып жүр. Алайда оның салдары өте қауіпті болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда дәрігерлер балалар арасында инфекциялық аурулардың өршіп бара жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, екпеден бас тарту – инфекцияға есік ашумен бірдей.

Фото: freepik.com

Педиатр Мадина Мусаханның айтуынша, ата-аналар балаларына вакцина салдырудың маңызын толық түсінбей жатыр. Олардың басты алаңдаушылығы – вакцина мен аутизм арасындағы жалған байланыс.

«1998 жылы британдық Эндрю Уэкфилд вакцина аутизмге әкеледі деген дұрыс емес пікір қалыптастырып жіберді. Бірақ 2010 жылға дейін бұл вакцинаны ғалымдар терең зерттеп, оның аутизмге еш қатысы жоқ екенін дәлелдеді», – дейді маман.

Фото: pixabay.com

Оның айтуынша, аутизм – генетикалық мутация нәтижесінде пайда болатын диагноз. Бала бұл дертпен дүниеге келеді. Тіпті екпе салынбаған күннің өзінде, егер баланың генінде аутизм бар болса, ол ауру ерте ме, кеш пе бәрібір көрініс береді.

«Аутизммен вакцина алған бала да, алмаған бала да ауырады. Ол 1,5-2 жасында көріне бастайды. Кейбір балалар алғашқы кезде көзге қарайды, сөйлейді, жауап береді, бірақ генінде аутизм болса, белгілі бір кезеңде ол анық байқала бастайды», – дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, вакцинадан бас тарту – баланы басқа инфекциялық ауруларға осал ету деген сөз. Екпе тек баланы ғана емес, оны қоршаған ортаны да қорғайды. Өйткені ұжымдық иммунитет – барлық адамдардың амандығының кепілі.

«Кейбір инфекциялар өте ауыр өтеді. Мысалы, көкжөтел, қызылша сияқты аурулардан бала өмір бойы зардап шегуі мүмкін. Вакцина баланың иммунитетіне дайындық береді. Яғни ағзаға әлсіздендірілген вирус енгізіледі де, иммун жүйесі оны жаттап қалады», – дейді Мадина Мейірбекқызы.

Иллюстрациялық фото: Elordainfo.kz

Дәрігердің пікірінше, халықты вакцинацияға үгіттеу үшін тек медицина қызметкерлерінің кәсіби білімі ғана емес, коммуникациялық дағдылары да қажет. Себебі ата-аналардың барлығы бірдей медициналық терминологияны түсіне бермейді. Сондықтан вакцинацияға дейін және кейін кеңінен ақпарат беру, түсіндіру, сенім орнату өте маңызды.

«Кейде екпе жасау пункттерінде ата-аналар тек бланк толтырып кетіп қалады. Медицина қызметкерлерінің ата-аналарды мазалайтын барлық сұрақтарға толыққанды, жан-жақты жауап беруге уақыты жетпей жатады. Сондықтан арнайы сұрақтарға жауап беретін, түсіндіретін жеке кабинет ашу қажет деп ойлаймын», – дейді маман.

Оның пікірінше, бүгінде әлеуметтік желі — негізгі ақпарат алаңы. Дегенмен онда да вакцина туралы ғылыми дәлелденген, түсінікті және маңыздысы, қазақ тіліндегі контент аз. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс қажет.

«Жаңа босанған аналарға түсіндіру жұмыстарын перзентханада немесе одан кейін жүргізу керек. Қай вакцина салынып жатыр, алда не күтіп тұр — бәрін нақты, қарапайым тілде түсіндіру қажет. Бұл тек ауруханамен шектелмеуі тиіс. Мешіттерде, мектептерде, балабақшаларда да ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Мемлекеттік деңгейде телеарна арқылы вакцинаның қандай түрлері барын, олардың неге қажет екенін анимация немесе инфографикамен көрсету өте тиімді болар еді», – дейді педиатр.

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде баласына екпе салудан бас тартқан ата-аналар саны артып келеді. Мамандар бұл үрдіс жалғасатын болса, жаппай иммунитеттің әлсіреуіне және бұрын жойылған инфекциялық аурулардың қайта өршуіне алып келуі мүмкін екенін ескертіп отыр.

Cара Қамзаева

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі