Былтыр елордада 13 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомствоның өткен жылы атқарған шаруалары туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, былтыр ведомствоның көмегімен 13 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды.
Негізгі бағдарламалар қатарында «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары іске асырылды. Ал жаз мезгілінде «Жасыл ел» жобасы аясында 4 200 адам жұмысқа орналастырылып, олар елорданы абаттандыруға белсенді қатысты.
Сонымен қатар Joltap жобасы аясында 3 773 адам SMM, таргет, графикалық дизайн және видеомонтаж сияқты цифрлық мамандықтарды игерді. 3 904 адам тігінші, бариста, сатушы-кассир және бухгалтерлік есеп негіздері сияқты мамандықтар бойынша оқудан өтті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елордада NEET санатындағы жастардың үлесі 6,1%-ды немесе 26 447 адамды құрайды. Жастарды әлеуметтендіру үшін «Жас жігер», «Үздік» жобалары жүргізіліп жатыр.
«2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында зиянды әдеттермен күресу мақсатында насыбайды өртеу бойынша ауқымды акция және «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өткізілді. Ал есірткі заттары туралы жарнамалық жазуларды бояу бойынша рейдтер ұйымдастырылды.
Экологиялық шаралар аясында жастар «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі», «Жасыл Астана» акцияларына белсенді қатысып, қаланы көгалдандыру және тазалау жұмыстарына атсалысты.
2024 жылы ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілді. Колледж студенттерімен психиатрлар мен наркологтардың қатысуымен 8 кездесу өткізіліп, 500-ден астам ақпараттық буклет пен парақша таратылды.
«Еріктілер мектебі» аясында 2024 жылы волонтер ШЫҰ саммиті (200 ерікті) және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (1 600 ерікті) сияқты халықаралық іс-шараларға белсенді қатысты», - дейді басқарма басшысы.
Самат Ибраев сөзін жалғай отырып, «Жас сарбаз» жобасы аясында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында іс-шаралар өткізілгенін, сондай-ақ 110 мектеп пен 35 колледжде 10 000-нан астам жас оқитын «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары ашылғанын қозғап өтті.
«Отбасы институтын нығайту мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында аспаздық, қыш-құмыра ісі бойынша мастер-кластар, спорттық эстафеталар мен шығармашылық байқаулар өткізілді. Жастардың шығармашылық қабілетін ашу мақсатында «Жастар жалыны» фестивалі, «Жастар фест» және «Жаңа белес» жобалары ұйымдастырылды.
Астана жастарына қолдау көрсету мақсатында әртүрлі жобалар мен бастамаларды жүзеге асырып, олардың дамуы мен жүзеге асыруы үшін қолайлы орта қалыптастырылып жатыр», - деп Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев сөзін қорытындылады.