Павлодарда саябақты жөндеуге арналған бюджет қаражатының артық жұмсалуына жол берілмеді

Бүгін, 10:57
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодарда саябақты жөндеуге арналған бюджет қаражатының артық жұмсалуына жол берілмеді
фото: Оңалхан Өнерхан

Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген талдау барысында Орталық скверді жөндеуді жоспарлау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Анықталғандай, Орталық скверді жөндеуді жоспарлау барысында сметалық құжаттамаға көлемі 25 мың шаршы метрден асатын тротуар плиталарын төсеу жұмыстары, сондай-ақ құны 368 млн теңгеден асатын дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілген.

Бұл ретте сквердің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды және оның құрамына көгалдар, жасыл желектер, ағаштар мен төсеуге жатпайтын ашық топырақ учаскелері кіреді.

Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде тротуар плиталарына нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталды.

Осылайша, жобада көзделген жұмыс көлемі мен материалдар нақты қажеттіліктен едәуір асып кеткен, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Павлодар қаласының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік мүдделерді қорғау және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.