Биыл «Жанұя» орталығына 10 мыңнан астам адам жүгінген
Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, отбасы институтын нығайту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша консультациялық қызметтер кешені көрсетіледі.
Сондай-ақ, құқықтық, психологиялық көмек, АӘК сұрақтары бойынша, денсаулық сақтау, білім беру салалары, тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес алуға болады.
Биылғы жартыжылдықта «Жанұя» орталығына 23 849 сұрақ бойынша 10 210 адам жүгінді. Атаулы әлеуметтік көмекке 7 646 адам сұрау жолдаса, оның ішінде: 2 873 – өтініш берілген, олардың 4 773-не кеңес берілді. Көпшіліктен ажырасу, алимент өндіріп алу, әкелікті тану, мүгедек жандардың қаражатқа мұқтаждығы, жұмыс берушінің айлықты мүлдем төлемеуі, мүгедектікті алу, сондай-ақ сот органдарына және тиісті органдарға жүгінуге арыз және шағымдарды жазып беру бойынша сұраныстар көп түседі, - дейді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова.
Айта кетейік, психологиялық көмек көрсету бөлімі бірінші жартыжылдықта 212 консультация өткізген.