«Биосфера – тіршілік мекені»: Астанада экологиялық шеберхана өтті

12 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Биосфера – тіршілік мекені»: Астанада экологиялық шеберхана өтті
Фото: Ақнұр Тұяқбай

Астана қаласындағы Шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицейінде экологиялық бағыттағы «Жасыл әлем» жазғы лагері аясында «Биосфера – тіршілік мекені» атты шығармашылық шеберхана ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шараның мақсаты – оқушыларға Жердің тіршілік қабаты болып саналатын биосфера туралы білім беріп қана қоймай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы құндылықтарын насихаттап, олардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, шығармашылық арқылы экологиялық ойлауға жетелеу.

Биосфераны танып, табиғатты құрметтеу

Шеберхана барысында оқушылар биосфераның негізгі құрамдас бөліктері – атмосфера, гидросфера, литосфера және тірі организмдер туралы ұжымдық жобалар жасап, постерлер, коллаждар, плакаттар арқылы өз түсініктерін бейнеледі. Табиғатқа шығармашылық тұрғыдан қарау, оны сезініп қабылдау шеберхананың негізгі бағыты болды.

Лагерь жетекшісі пікір білдірді

Биология пәнінің мұғалімі, лагерь жетекшісі Айгүл Өтегеннің айтуынша, мұндай жазғы экологиялық бағдарламалар балалардың табиғатқа деген қызығушылығын оятып қана қоймай, экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады:

«Жасыл әлем» лагері – бұл тек демалыс емес, экологияны тереңірек тануға, табиғатпен етене араласуға бағытталған орта. Мұнда балалар экологиялық сабақтардан бастап, табиғат қорғау шараларына дейін белсене қатысады. Шығармашылық жұмыстар, ойындар мен жобалар арқылы олардың жауапкершілігі мен ойлау қабілеті дамиды», – дейді ұстаз.

Оқушылар экожобаларға қызығушылық танытты

Лагерь қатысушысы Айзере Хусаинова өз әсерін бөлісті:

«Бұл жерде біз қоқысты сұрыптауды, қайта өңдеуді, гүл отырғызуды үйренеміз. «Заттарға екінші өмір беру» жобасында қолданылған материалдардан түрлі пайдалы бұйымдар жасадық. Сода және сірке суымен жанартаудың атқылауын бейнелейтін тәжірибе жасадық. Бұл біз үшін өте қызықты әрі пайдалы болды».

Оқушы Әлима Төлеухас та өз жобасы туралы бөлісті:

«Біз жасап отырған макет – қайта өңдеуге болатын материалдарға екінші өмір сыйлау идеясының нақты үлгісі. Пластикалық бөтелкенің түбінен жасалған гүл құтысына кактус отырғыздық. Бұл жұмыс арқылы экологиялық сана қалыптасып, шығармашылық қабілетіміз дамиды».

Мектеп директоры: бос уақытты пайдалы өткізу – басты ұстаным

№85 мектеп-лицейінің директоры Марал Казиева лагерьдің балалар үшін маңызын ерекше атап өтті:

«Жазғы демалыс уақытында мұндай шаралар балалар үшін өте пайдалы. Уақытты бос өткізбей, табиғатқа жақын, танымдық әрі шығармашылық істермен айналысқан дұрыс. Сонымен қатар бұл балалар мен мұғалім арасындағы еркін қарым-қатынастың орнауына да ықпал етеді».

«Жасыл әлем» лагері – балаларға тек экология жайлы білім беріп қана қоймай, табиғатты қорғауға, шығармашылыққа бейімделуге және жаңа достар табуға мүмкіндік беретін орта. Лагерь шілде айына дейін жалғасады. Іс-шаралар күндізгі форматта (сағат 09:00-13:00 аралығында) мектеп аумағында ұйымдастырылып жатыр.

Қалалық мектептерде осындай экологиялық жобалардың жүзеге асуы – жас ұрпақтың табиғатты сүюге және қоршаған ортаны аялауға бейімделуінің нақты көрсеткіші.

Ақнұр ТҰЯҚБАЙ