Білім басқармасы: 6 жасар бала әріп танымаса да мектепке қабылданады
Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан сәл аса уақыт қалды. Қазір еліміздегі барлық білім беру мекемелерінде 1 сыныпқа құжат қабылдау жүргізіп жатыр. Elorda.info Астанада алдағы оқу жылында пайдалануға берілетін мектептер мен құжат қабылдаудың қалай жүргізіліп жатқаны және білім саласындағы өзге де өзгерістер туралы Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Аманкелдиевамен сұхбаттасып қайтты.
-Асыл Аманкелдіқызы, биылғы оқу жылында 12 мектеп пайдалануға берілетіні хабарланды. Бұл мектептерге құжат қабылдау басталды ма?
Астана қаласында бүгінгі таңда 49 мың 790 оқушыға арналған 30 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 23 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы жақында аяқталып, 1 қыркүйекте ресми түрде ашылады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан нысандарға келетін болсақ, қазір 8 мектепке құжат қабылданып жатыр. Бұл мектептердің құрылысы аяқталмағандықтан, жақын маңда орналасқан мектептердің ішінде қабылдау комиссиясы құрылды. Мысалы, Жағалау шағын ауданы жақтағы №101 мектепке құжаттарды №71 мектеп-лицейдегі қабылдау комиссиясына өткізуге болады. Ал «Барыс Арена» жақта ашылатын «Жайлы мектепке» құжаттар №85 мектепте қабылданып жатыр.
Білім басқармасының бұйрығымен әр мектепке бекітілген учаскелер бар. Сол бойынша ата-аналар Білім басқармасының ресми сайтынан өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша қай мектепке қарайтынын біле алады. Мекенжай бойынша қарайтын мектеп тек қазақ тілінде оқытатын болса, ал ата-ана орыс сыныбын таңдаса онда қай мектепке бару керектігі туралы да ақпараттар ресми сайтта көрсетілген.
Ал жаңа мектептерге ауысу мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің №564 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұған дейін оқушыларға тек каникул кезінде басқа мектепке ауысуға мүмкіндік берілетін. Енді білім беру мекемелерінің арасында оқушылардың мектеп ауыстыру тәртібі өзгертіліп, оқу жылының кез келген кезеңінде басқа мектепке баруға рұқсат етіледі. Яғни қазір салынып жатқан мектептер дайын болғанда ауысса да болады.
Ал таңдаған мектепке қарайтын учаскеде тіркеуі жоқ, бірақ белгілі бір себептерге байланысты нақты бір оқу ордасын таңдайтын ата-аналар қалай әрекет етуі керек?
Тұрғылықты мекенжайы бойынша гимназияға қарайтын, ал ата-ана лицейді таңдайтын немесе керісінше лицейде емес, гимназияда оқығысы келетін жағдайлар болуы мүмкін. Ата-аналардың қалауы мен шешімі әрине ескеріледі. Бізде 3+1 деген қағидат бар, яғни мектеп әкімшілігі 3 баланы тұрғылықты мекенжай бойынша, ал біреуін оған қарамастан қабылдай алады. Дегенмен, мектептегі бала саны мен басқа да жағдайлар назардан тыс қалмауы керек. Мектеп қабылдауға міндетті деп талап ету дұрыс емес екенін атап өткім келеді.
Жаңадан ашылатын мектептердің қандай бағытта болатыны белгілі ме?
Бұған дейін біз жаңа мектептерді ашқан кезде оған бірден лицей немесе гимназия деген сияқты мәртебе беретін едік. Енді биылғы оқу жылынан бастап барлығы жалпы білім беретін мектептер ретінде жұмыс істейді. Кейін сол мектепте оқитын балалардың талабына және сұранысына қарай шешім қабылданады.
Мектеп әкімшілігі тұрғылықты мекенжайы бойынша қараса да, бала санының көптігіне байланысты оқушыны қабылдамауға құқылы ма?
Балаларды орта білім беру ұйымдарына қабылдау, оқу-біліммен қамтамасыз ету мектептердің міндеті. Алайда, мектепте және сыныпта бала саны шамадан тыс болып, жаңа оқушыны қабылдауға мүмкіндік болмаған жағдайда мектеп әкімшілігі шешім шығарады. Мұндай жағдайда неліктен құжат қабылданбағаны түсіндіріліп, нақты дәйектемелер келтіріледі.
Ата-аналардың тарапынан үш ауысымды мектептер мен сыныпта бала санының көп болуына қатысты шағымдар жиі айылады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Астанада 2023-2024 оқу жылында 16 мектепте оқушылар саны шамадан көп болды, ал 8 мектеп үш ауысымда білім берді. Әрине жаңа мектептер құрылысының есебінен үш ауысымдық мектептер мен сыныптағы балалардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Санитарлық талаптар бойынша әр сыныптағы бала саны 25-тен аспауы керек. Дегенмен, елорда болған соң қалаға қоныс аударытындар саны көп. Осыдан келіп білім ордаларына түсетін жүктеме арта түседі. Балаларды біліммен қамту мақсатында мектептер сыныптарға көбірек оқушы қабылдауға мәжбүр. Кей мектептерде әр сыныпта 25-28, ал енді бірінде оқушы саны 30- дан асады. Аталған мәселе бір жыл ішінде шешілмейтіні түсінікті, алайда жүйелі түрде, кезең кезеңмен жұмыстар атқарылуда. Мысалы бұған дейін №59 мектеп 3 ауысыммен оқыды, қазір 1 ауысымда 600 орындық, 2 ауысымда 1200 орындық қосымша құрылыс салынды. Осылайша бұл мектептің үш ауысымдық мәселесі шешімін тапты.
Мысалы биылғы қыркүйекте 8 мектеп пайдалануға берілгенде тағы бірнеше мектептің проблемасы шешіледі.
Ата-аналар сыныптағы оқушы саны көп болғандықтан мектеп әкімшілігіне қосымша сыныптар ашуға ұсыныс айта алады. Егер мектептің жағдайы келіп, қосымша кабинеттер болып жатса әрине ашылады. Заң бойынша сыныптағы бала санына ғана шектеу бар.
1 сыныпқа құжаттар тек eGov.kz порталы арқылы тапсырылып жатыр ма?
Мектепке құжат қабылдау 2 түрде жүзеге асырылып жатыр. Ата –аналар порталмен немесе бұрынғыдай құжаттарын мектепке әкеліп тапсыра алады және мектеп құжаттарды қабылдауға міндетті. Себебі барлық ата-ананың жағдайы бірдей емес, бірінде компьютер болмауы мүмкін, енді бірінде интернетпен қиындық туындайды немесе цифрлық қолтаңбасы жоқ. Сондықтан осы жағдайларды ескере келе, мектептер құжат қабылдаумен айналысатын мамандарды бекітті.
Асыл Аманкелдіқызы, инклюзиялық білімді қажет ететін оқушыларды оқыту мәселесіне тоқталсаңыз.
Барлық мектептер инклюзиялық білімді қажет ететін балаларды қабылдайды және мектеп әкімшілігі мұндай оқушылардың білім алуына қажетті жағдай жасайды. Оқушы 1 сыныпқа құжат тапсырғанда дәрігерлік-консультациялық комиссия мен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның анықтамасын көрсетеді. Ол жерде баланың диагнозы ғана емес, қысқартылған немесе қалыпты оқу бағдарламасы туралы ұсыныс жазылады. Соған қарай мектеп штатындағы арнайы маман, педагог- ұйымдастырушы көмек көрсетеді. Бұған қоса логопед, дефектолог сияқты мамандармен де қамтамасыз етіледі. Ерекше білімді қажет ететін балалар көбінесе қысқартылған бағдарламамен оқиды. Білім алуда ерекше қажеттілігі бар балалар бөлек сыныпта оқуы тиіс деген талап жоқ. Ал коррекциялық сыныптарда бала саны 8-12-ден аспайды.
1 тамыздан бастап мектептердің жанынан 1 сыныпқа баратын балаларды оқыту мен бейімдеуге арналған дайындық сабақтары өткізіледі. Оған қатысу міндетті ме және әлі салынып жатқан мектептерге құжат тапсырған оқушылар қайда баруы керек?
Бұл сабақтар негізінен балабақшаға бармаған, ешқандай дайындықтан өтпеген балаларға арналған. 1 сыныпқа келмес бұрын осындай дайындықтан міндетті түрде өту қажет деген талап қойылмайды. Ата-аналарға қосымша көмек болсын деген ниетпен ұйымдастырылып отырған шара. Әдетте балабақшаға барған балалардың дайындығы бар, оның үстіне ата-аналардың көпшілігі өз еріктерімен қосымша дамыту, оқыту орталықтарына апарады. Ал егер әзірге құрылысы аяқталмаған мектептерге құжат тапсырған баланы аталған дайындық сабақтарына апарғысы келсе, онда мекенжай бойынша қарайтын мектепке құжат тапсырады. Кейін қалаған мектебі ашылған кезде оған ауысуына болады. Бұл тұста, атап өткім келетін мәселе бар. Бізде 6 жасқа толған бала дайындық деңгейіне қарамастан 1 сыныпқа қабылданады деген ереже бар. Жаңа оқу жылынан бастап мұғалім оқытып, білім береді. Сондықтан ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ деп санаймын.
-Сұхбатыңызға рахмет!