«Барлық сала өзекті»: Елордада Қоғамдық кеңестің отырысы өтті
Бүгін Зулфухар Ғайыповтың төрағалығымен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Қоғамдық кеңестің қарауына нормативтік құқықтық акт жобасы енгізілді.
Атап айтқанда, Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №274/36-VII «Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды.
Қаланың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік, мәдени, энергетика салалары болсын, бәрі өзекті. Сондықтан талқылауға белсенді қатысайық, - деді төраға.
Отырыста қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев сөз сөйлеп, тіл мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды. Тілді дамытуға 50 миллион теңге бөлінген. Қоғамдық кеңес мүшесі бұған көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл салада шешілмей жатқан мәселе шаш-етектен. Сондықтан бұл салаға бюджеттен қаражат бөлінетін кезде екі қарап, бір шоқыған жөн.
Бұл мәселе бойынша басқарма басшысы Қайсар Зәкірұлы жауап беріп, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының сұрауы бойынша 72 миллион теңге бөлінгенін айтты.
Басқарма басшысы Сәкен Есіркепов алдағы уақытта Кәрімбек Арыстанбекұлы тарапынан айтылған ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.
Сондай-ақ қоғамдық кеңес отырысында бұдан өзге жастар мәселесі, оларды спортқа баулу, аула клубтарын ұйымдастыру, қаланы абаттандыру, жылы аялдамалар және тағы да басқа проблемалар ортаға салынып, оның шешілу жолдары қарастырылды.
Айта кетейік, Қоғамдық кеңес бюджет жобасын, бюджетті орындау туралы есепті, елорданы дамыту жоспарларын қарайтын болады, атқарушы және өкілдік органдар енгізетін нормативтік-құқықтық актілер бойынша қорытындылар береді.