Қазақ тілін жүрегімен қабылдаған Аяна Ким

27 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақ тілін жүрегімен қабылдаған Аяна Ким
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақ тілін жүрегімен қабылдаған Аяна көркем әдеби шығармаларды түпнұсқада оқып, тіл тазалығына ерекше мән берді. Оның мақалалары мен ой-толғамдары жергілікті және республикалық басылымдарда жарық көріп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Аяна Радионовна – қазақ тілінің шынайы жанашыры, ол мектеп қабырғасында-ақ қоғамдық шараларға белсене қатысып, түрлі үйірмелер мен байқауларда жүлдегер атанып жүрді. Жетіген аспабында еркін ойнап, көркем сөзбен де тыңдарманын тәнті еткен өнерлі өрен.

2021 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, Тараз қаласындағы сервис және технология колледжіне «Туризм» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2024 жылы сәтті аяқтады. Колледж қабырғасында жүргенде де Аяна қазақ тілін меңгеру ісінде ерекше табандылық танытып, түрлі облыстық және республикалық байқауларда топ жарып жүрді. Ол – Қазақстан Республикасы бойынша ТОП-100 үздік студенттің қатарында. Сондай-ақ «Мемлекеттік тіл – мерейім» облыстық байқауының I орын иегері, «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық челленджінің бас жүлдегері.

Қазіргі таңда Аяна - Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті «Алтын шаңырақ» студенттер ассамблеясының төрағасы. Бұл қызметінде де ол қазақ тілін насихаттау, мәдени мұраны дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Аяна Ким – тек тіл жанашыры ғана емес, сондай-ақ жастар қозғалысының белсенді мүшесі. Ол «Ассамблея жастары», «Жасыл ел», «Жастар рухы» сынды ұйымдардың қатарына енген.Түрлі әлеуметтік, экологиялық, мәдени жобаларға белсене қатысып, еріктілер қозғалысының дамуына үлесін қосып жүр.

2023 жылы ол Астана қаласында өткен Meta Meet ХІХ республикалық Студенттер шақырылымына қатысып, республикалық деңгейдегі жастармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ «Экожурналистика» жобасы, латын графикасы бойынша өткен эссе байқауы, «Мәміле» пікір алмасу клубы сияқты түрлі форматтағы жобаларда өзінің терең білімін, шынайы көзқарасын, тілдік әлеуетін көрсетіп жүр.

Гүлнұр Бақытқызы