«Қауіпсіз жол»: Елордада 3 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды


Астана қаласының Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайларының алдын алу және анықтау мақсатында қала аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Бұл жұмыстың қорытындысы туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Әділбеков айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Республикалық іс-шара өткізу барысында көлік құралын мас күйінде жүргізген, басып озу, қарсы бағытқа шығып кету, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы жүру, жолаушылар мен ауыр жүктерді тасымалдау, автобус жүргізушілерін алдын ала медициналық тексеруден өткізу, көлік құралын мас күйінде жүргізген жүргізушілерді анықтауға, қауіпсіздік белдігін тағу ережелерін өрескел бұзуды анықтау жұмыстары күшейтілді.
«Нәтижесінде 3 336 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде: қоғамдық орындарда орынсыз әрекетке барғаны үшін 58 такси жүргізушісі, Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 113 шетел азаматы, белгіленген тәртіпте тіркелмеген көлік құралын жүргізгені үшін 47 жүргізуші, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көлік құралын жүргізгені үшін 1 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралын жүргізу кезінде телефон немесе радиостанцияны пайдаланғаны үшін 183 жүргізуші анықталды», - деді Ержан Әділбеков.
Бұл ретте жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен 591 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



