Астаналық мектепте әскери-патриоттық сынып ашылды

Елордадағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте «Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныбы ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ерекше бастама жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге және әскери қызметті құрметтеуге бағытталған. Мерекелік рәсімге жас шекарашылардың ата-аналары, шетелдік қонақтар, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, «Застава тарландары» республикалық ардагер шекарашылар қоғамдық бірлестігінің мүшелері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынның басында ерлік пен өрлік мектебі болып қалыптасатын «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері кәсіби шекарашылар – үш генерал-майордың алдында ант берді. Одан кейін клубтың туын «Застава тарландары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор М. Сабидолданов қабылдап, мектеп директоры Сәуле Әзімхановаға тапсырды.
Құттықтаулардан соң оқушылар «Жас шекарашы» әнұранын шырқады. Одан әрі мектеп ауласындағы «Шекара қалашығы» оқу-тәжірибелік нысаны мен заманауи жабдықталған әскери-патриоттық сыныптың ашылуы өтті.



