00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада жеңіл атлетикадан сарбаздар арасында жарыс ұйымдастырылды

Астанада жеңіл атлетикадан сарбаздар арасында жарыс ұйымдастырылды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жеңіл атлетикадан Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке және командалық біріншілігі ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарысқа басқармалардың, бөлімдердің және қызметтердің 16 құрама командасы қатысты.

Командалар арасында «Б» орталығының құрамасы өзгелерден оқ бойы озық болды. Топтық нәтижелер бойынша Ұлтық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің командасы екінші орын алды. Ал үздік үштікке Жауынгерлік даярлық бас басқармасы мен Әскер қызметі және әскери қызметтің қауіпсіздігі басқармасының командасы ілікті.

Бәсекеге толы сайыс жеке қатысушылар арасында қыза түсті. Мәселен 30 жасқа дейінгілер арасында сынға түскен «Б» орталығының офицері өзге қарсыластарынан алда болды. Одан кейін мәре сызығына Ұлттық Қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің магистранты подполковник Азамат Мүлтенов жетті. Жүлдегерлер үштігін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығынның авиациялық қамтамасыз ету қызметі орталығының аға инженері подполковник Талғат Нұрғалиев түйіндеді.

«140 жасқа дейінгі әскери қызметшілер де өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Бұл санаттағы қатысушылар арасындағы жүлделі бірінші орынды да «Б» орталығының офицері иеленді. Ал Ұлттық ұланның 6636 әскери бөліміне қарасты әскери оркестр орталығының аға маманы (жауапты орындаушы) аға сержант Азмат  Нұрманов екінші орыннан көрінді. Үшінші орынға Бас қолбасшылықтағы Мемлекеттік сатып алу басқармасының мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, есепке алу және бақылау бөлімінің аға офицері майор Фарид Тусюбов жайғасты», - деп жазылған хабарламада.

40 жастан жоғары әскери қызметшілер арасында «Б» орталығының офицері ешкімге дес бермеді. Жеңімпаздар сатысының екінші тұғырына 6636 әскери бөліміне қарасты басқару пунктінің байланыс маманы аға сержант Закир Молдакимов көтерілсе, үшінші орын Ұлттық ұланның жедел өнері және тактикасы кафедрасының аға оқытушысы полковник Радикжан Якубовқа бұйырды.

Жарыс жеңімпаздарын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов марапаттады. Ол жарыс қатысушыларын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың атынан құттықтап, жеңімпаз командаға ауыспалы кубокты және жекелей сында жеңіске жеткен жүлдегерлерге грамота мен арнайы медаль табыстады.