Астанада Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналған конференция өтті


Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналған «Тәшенев – қазақтың қайсар ұлы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ауқымды іс-шараны Астананың Әдістемелік орталығы мен Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназиясы ұйымдастырды.
Конференция көрнекті тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында қаладағы ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл рәсімге Жұмабек Тәшеневтің ұрпақтары, туыстары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанның әр аймағынан келген ғалымдар мен педагогтар қатысты. Кейін мектеп қабырғасында Жұмабек Тәшеневке арналған арнайы мұражайдың ашылу салтанаты өтті.
Ал екінші бөлімі мектептің акт залында пленарлық отырыспен жалғасты. №10 мектеп-гимназиясының директоры Бақытжан Шарапбекұлы білім ордасының 2010 жылы Жұмабек Тәшеневтің есімін алғанын және содан бері тұлғаның мұрасын насихаттау бағытында көптеген іс-шара ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.
Ғылыми іс-шара барысында алаштанушы ғалымдар, тарихшылар және қоғам қайраткерлері қайсар тұлғаның ел мүддесі үшін атқарған қызметіне тоқталды. «Тәшеневтанушы» Ерекболат Қабылда Жұмабек Тәшеневтің қазақ жерін қорғаудағы және оны сақтаудағы тарихи рөлі туралы баяндама жасады. Ол қайраткердің саяси қуғын-сүргін кезеңінде, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Жиынға қатысқан Жұмабек Тәшеневтің ұлы мен келіні, сондай-ақ оның көзін көрген замандастары тұлғаның мемлекетшіл қасиеттерін еске алды. Олар оның ұлт мүддесі жолындағы күресін, әділдігі мен қайраткерлігін ерекше атап өтіп, оның есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылатынына сенім білдірді.
Ғылыми конференция Жұмабек Тәшеневтің есімін ұрпақ жадында мәңгі сақтау, оның қайраткерлік жолын зерттеп, насихаттау бағытында маңызды қадам болды. Іс-шара соңында қатысушылар осындай ғылыми жиындардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы қажеттігін атап өтті.