Астанада қыз қуу және теңге ілу ойындары ерекше форматта ұйымдастырылды


Наурыз мейрамын атап өту және ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту мақсатында Астана қаласы №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің спортшылары ерекше форматтағы «Қыз қуу» мен «Теңге ілу» ойындарын ұйымдастырды. Бұл жолы дәстүрлі ойындар жаңа сипатқа ие болып, қатысушылар оларды велосипедпен орындады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Көрермендер ұлттық спорттың заманауи үлгісіне куә болып, ерекше әсер алды. Сонымен қатар мектеп ұжымы халқымыздың бай мұрасын дәріптеу мақсатында беташар, бесікке бөлеу сынды дәстүрлерден көрініс қойды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар ұлттық ойындарды жаңаша форматта ұсыну арқылы жастар арасында дәстүрге деген қызығушылықты арттыруды көздегендерін атап өтті.
«Бүгінгі іс-шараның басты ерекшелігі – дәстүрлі «Қыз қуу» мен «Теңге ілу» ойындарын велосипедпен өткізу. Бұл ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі болғандықтан, оны заманауи спортпен ұштастырып, жастарға жаңа қырынан таныстыруды мақсат еттік. Наурыз – жаңару мен жаңа бастамалардың мерекесі. Осындай ерекше шаралар арқылы біз ұлттық спортты дамытып, жастардың денсаулығын нығайтуға үлес қосып отырмыз», - дейді №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Бауыржан Өтегенов.
Айта кетейік, бұл спорт мектебі велоспорттың тау велосипеді (маунтинбайк), тас жолдағы велоспорт және велотрек бағыттары бойынша жас спортшыларды дайындайды.
Мерекелік шара барысында қазақтың дәстүрлі спорт түрлерінен асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты жарыстар да ұйымдастырылды.



