Астанадағы «Жастар» театры маңында бірлік мейрамы тойланды


Бүгін Астанадағы «Жастар» театры маңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік мәдени іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты, бейбітшілік пен келісімді дәріптеу, жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен достық рухын сіңіру.
Бағдарлама аясында еліміздің руханиятын, бірлігін, достығын жырлайтын әндер шырқалды, ұлттық ойындар ойнатылды, сондай-ақ көпшілікке арналған мәдени-ойын-сауық бағытындағы шаралар ұйымдастырылды.
«Бүгін «Жастар» театры алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шара өтті. Әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеп, бір сахнада тоғыстыру – нағыз рухани мереке! Театрландырылған ән-күй, ұлттық ойындар – барлығы да астаналықтар мен қала қонақтары үшін ұйымдастырылды. Ең бастысы – әр адамның жүзінен қуаныш пен бірлік сезілді. Бейтаныс адамдардың өзі бір-бірімен жылы сөйлесіп, күліп, бірге ойнап, билеп, көңіл көтерді. Театр әртістері де тек театр сахнасында ғана емес, осындай ашық алаңда халықпен жүздесу арқылы елдің жүрегіне жол таба алатынын дәлелдеді. Осындай қуанышты күндер көп болғай! Бірлігіміз жасай берсін!», - деді «Жастар» театрының медиа және қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Аяулым Асқар.



