Астанада трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдауға арналған жүгіру фестивалі өтеді


10 тамызда мыңдаған қазақстандық Астанаға жиналып, бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясын күтіп жүрген пациенттерге қолдау көрсетеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Күту парағында 4 мыңнан астам адам тұр, оның ішінде балалар да бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Медицина саласы дамып келе жатқанына қарамастан, трансплантология тақырыбы Қазақстан үшін әлі де өзекті. Республикалық үйлестіру және трансплантация орталығының деректеріне сәйкес, Күту парағында 4 117 адам бар, олардың 96-сы – балалар. Бұл пациенттердің 3,7 мыңнан астамына бүйрек трансплантациясы қажет, 342 адам бауыр мен жүрек трансплантациясын күтіп отыр, шамамен 30 пациент өкпе ауыстыруды қажет етеді.
Осы маңызды мәселеге қоғам назарын аудару және өмір үшін күресіп жүрген пациенттерге қолдау көрсету мақсатында Астанада 2018 жылдан бері Jüregımnıñ Jenımpazy атты жүгіру фестивалі өткізіліп келеді. Алғашқы веложүгіруге бар болғаны 60 адам қатысса, биыл 5 мың адам стартқа шығуға дайын. Олардың қатарында дәрігерлер, донорлардың отбасылары, трансплантациядан өткен және оны күтіп жүрген пациенттер, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме өкілдері, елорда тұрғындары мен бұған дейінгі марафондардың белсенді қатысушылары бар. 1, 3 және 10 шақырымдық қашықтықтарға жүгіруге арналған дайындық жаттығулары Ботаникалық бақта басталып та кетті және 10 тамызға дейін ашық форматта жалғасады.
Алғашқылардың бірі болып жаттығуға қатысқандар мен марафонға тіркелгендер қатарында трансплантациядан өткен екі реципиент бар: жаңа бүйрекке ие болған Анар Шаймергенова және екі жыл бұрын бауыр трансплантациясын сәтті өткерген Андрей Шелестюк. Қазір 44 жастағы ер адам 24 км қашықтықты еңсеріп, 51 км-ге созылатын кедергілерге толы жарысқа дайындалып жүр.
«Мен бұған дейін ешқашан спортпен айналысқан емеспін. Ота мен оңалтудан кейін дәрігерлер көп жүріп-тұруды ұсынды. Сөйтіп серуендеуден бастадым, кейін біртіндеп жүгіріске көштім. Қазір жаттығу барысында шекті мүмкіндігіме дейін тырысамын, ұзақ қашықтыққа басымдық беремін. Апта сайын жексенбіде 20 шақырым жүгіремін. Бірде-бір жаттығуды жібермеймін. Түрлі марафондарға қатысамын, бірақ Jüregımnıñ Jenımpazy іс-шарасының мен үшін маңызы зор. Бұл жерде спорттық нәтиже үшін емес, өзіңді «сен тірісің, сен бұл күресте жеңдің!» деп жігерлендіру үшін жүгіресің. Бұл марафон – трансплантацияны қажет етіп жүрген жандарға рухани қолдау. Адамдардың бәрі өмірді үмітпен күтудің қаншалықты ауыр екенін түсіне бермейді. Меніңше, жыл сайын бұл іс-шараға қатысушылар саны арта түседі. Былтыр 10 шақырымды жүгіріп өттім, биыл да сол нәтижені қайталағым келеді», – деді Андрей Шелестюк.
Бүйрек реципиенті Анар Шаймергенова да марафонға белсене қатысып келеді. Былтыр ол 1 шақырымдық қашықтықты жүріп өткен.
«Бұл қашықтықтағы әр қадам мен үшін жүріп өткен күрес жолының естелігі іспетті. Мен процедураларға тәуелді болып, үмітпен күн кешудің қандай болатынын білемін. Қолдаудың да қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бұл жүгіріс сенім жетегінде жүргендерді, алдағы үлкен күресті күтіп отырғандарды және оларға қолдау көрсететіндерді біріктіреді. Егер менің бір қадамым біреуге үміт сыйлай алса, онда бекер жүгірмегенім», – деп деді Анар Шаймергенова.
Жүгіру фестивалін қатарынан сегіз жыл бойы ұйымдастырып келе жатқан қоғамдық қордың директоры Мұрат Зауровтың айтуынша, биылғы марафонға қатысушылардың барлығы арнайы символикалық медальмен марапатталады. Бұл медальдің пішіні тасқа ұқсайды – ол пациенттердің мықтылығын және қатысушылардың қалдырған ізін білдіреді.
«Бұл жай ғана марафон емес. Бұл – жыл сайын өтетін ауқымды іс-шара. Оның басты миссиясы – қоғам назарын трансплантология тақырыбына аудару және пациенттерге қолдау көрсету. Стартқа шыққан әр адам – біз көп жылдан бері қалыптастырып келе жатқан коммуникацияның бір бөлшегі. Марафонның жыл сайын кеңейіп, ауқымы артып келе жатқаны – осы коммуникацияның тиімділігінің дәлелі. Бұл жоба елімізде трансплантологияны дамыту қажеттігі туралы қоғамдық диалогтың толыққанды құралына айналды», – деді Мұрат Зауров.
Айта кетейік, Jüregımnıñ Jenımpazy – қордың негізгі жобаларының бірі. Қордың басты мақсаты – Қазақстанда кардиохирургия, кардиология және трансплантология салаларын дамыту. Ол бұл бағытта ағартушылық және білім беру жобаларын жүзеге асырып, дәрігерлердің кәсіби дамуын және ғылыми бастамаларды қолдаумен айналысады. Қордың трансплантология саласындағы серпінді жобаларының бірі – ALEM деп аталатын бірегей жүйе. Бұл жүйе Мемлекет басшысына таныстырылып, Жапонияның Осака қаласында өтетін Expo 2025 дүниежүзілік көрмесінде ұсынылды.
Анықтама: Jüregımnıñ Jenımpazy («Сен – менің жүрегімнің чемпионы!» деген мағынаны білдіреді) марафоны 10 тамыз күні Астанада ЭКСПО аумағында өтеді. Старт – таңғы 7:00-де. Қатысушы ретінде тіркеліп, өзіңізге ыңғайлы қашықтықты таңдау үшін ұйымдастырушы тараптың сайтына өтіңіз: hcf.kz/ru/events/juregimnin-jenimpazy. Дайындық жаттығулары Астанадағы Ботаникалық бақта («Сый» мүсінінің жанында) әр аптада жұма күні сағат 6:30-да және сенбі күні сағат 8:30-да өткізіледі.



