Астанада әскери қызметшілер спектакль қойды

7 наурыз, 2025
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Астанада әскери қызметшілер спектакль қойды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Әлия» спектаклі қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қойылым ерекшелігі  – театр актерлары мен құқықтық тәртіп әскерінің өнерпаздары бір сахнада көркем бейнені қала жұртшылығына ерекше форматта ұсынуы.

Бұл жоба Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған. Көрермендер қойылымда  аты аңызға айналған кейіпкердің тарихымен қоса, қазақстандық әйелдердің ерлігі мен жанқиярлығын тамашалайды.

Іс-шара Ұлттық ұланда Жеңіс мерейтойын мерекелеу мақсатында басталған «Жеңіске 100 күн» акциясы аясында өтті.

Көрермендер алғашқы минуттардан бастап соғыс жылдарының атмосферасын сезініп, өрімдей жас қыздың нәзік бола тұра, мызғымас рух пен табандылық танытқан тарихи сәттеріне куә болды. Басты рөлді театрдың дарынды актрисасы Айжұлдыз Бағланова сомдады, ол өзінің жарқын эмоциясымен батыр ару бейнесін жеткізіп, көрермендердің жылы ықыласына бөленді.

Спектакльдің музыкалық сүйемелдеуінің өзі қойылымға айрықша рең берді: Ұлттық ұланның Ерлер хоры мен Үлгілі-көрсетімді оркестрі композитор Сейдолла Бәйтерековтің аңызға айналған туындысы, жарық көргеніне биыл 50 жыл толған «Әлия» әнін орындады. Әрбір қазақстандыққа таныс әуен ерекше ықыласпен орындалып, жұртшылықтың көңілінде мақтаныш сезімін оятты.

Өнерпаздардың шеберлігі мен шынайылығы көрермендерді соғыс жылдарындағы және Жеңіс сәтіндегі эмоцияны сезінуіне мүмкіндік берді. Залдағы аншлаг, көпшіліктің ыстық ықыласы мен қимастығы, көрермендердің көз жасы – спектакльдің жүрекке жеткендігінің жарқын дәлеліндей болды.