Астанада негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң даму динамикасы байқалады – Жеңіс Қасымбек

Астанада негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң даму динамикасы байқалады. Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,1%-ға артты. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім беру, көлік, логистика және өзге де салалардағы жобалар бар.
"Биыл 55 инвестициялық жобаны қолданысқа беру жоспарланып отыр. Инвестициялар көлемі 300 млрд теңгені құрайды. Осы жобалар арқылы 3,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы басталды. Жобаны түркиялық Tiryaki Agro холдингі мен қазақстандық «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС және «ADOtex» ЖШС бірлесіп құрған Kazak Protein компаниясы жүзеге асырып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 320 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында шамамен 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыстың екі кезеңін аяқтау 2028 жылға жоспарланған", - деді Жеңіс Қасымбек.
Әкім агроөнеркәсіп кешені құрылысы екі кезеңге бөлініп жасалатынын айтты.
Агроөнеркәсіп кешенінің құрылысы екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – бидайды терең өңдеу – 2027 жылы, ал екінші кезең – бұршақ дақылдарын терең өңдеу – 2028 жылы аяқталады. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақ өнімдерін өңдеуге мүмкіндік береді.
Өңдеу нәтижесінде глютен, крахмал, лизин, құрама жем, өсімдік негізіндегі ақуыз изоляттары және басқа да өнімдер шығарылатын болады. Дайын өнім тек ішкі нарыққа ғана емес, сондай-ақ экспортқа да жөнелтіледі деп жоспарланып отыр, - деді ол.



