Астанада кәсіпкерлерге арналған чек-парақшалар әзірленді
Астана әкімдігі елордалық кәсіпкерлер үшін жыл бойы тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша ұсыныстары бар чек-парақшалар әзірледі, деп хабарлады Elorda.info.
Ұсыныстар жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін ескере отырып өзгереді. Сондықтан олар төрт форматқа бөлінеді: көктем, жаз, күз және қыс.
Осылайша, чек парақшалар: «Көктем» – бизнес иелерін шатырларды қардан уақытылы тазартуға және жасыл желектерді отырғызуға шақырады;
«Жаз» – ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасау, суару жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ санитарлық тазалауды тұрақты негізде жүргізу;
«Күз» – кіру топтарын сырғанауға қарсы жабынды орнату және жылыту маусымына дайындалу;
«Қыс» – кіру топтарын көктайғаққа қарсы қоспамен өңдеу және тұрғындардың қауіпсіздігіне қамқорлық жасау.
Бұл кеңестердің міндеті – қала мен қоршаған орта үшін жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және дамыту. Елордада 230 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді, бұл – экономикалық белсенді халықтың 75%-ы.
Естеріңізге сала кетейік, елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы өтіп жатыр. Астанадағы экоакцияны кәсіпкерлік объектілердің өкілдері – кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілері, сауда орталықтары, салондар, кафелер, дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар қолдады.
Бұл апта «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналған.