Астанада колледждерді жаңғырту мәселесі талқыланды


Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында елордалық колледждерді жаңғырту мәселесі туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәслихат төрағасының сөзінше, елордада 32 колледж бар, онда 38 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орта арнаулы оқу орындарын 9,9 мың түлек тәмамдап, олардың 86%-ы тұрақты жұмысқа орналасты.
«Астана қаласы мәслихатының отырысында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елордалық колледждерді жаңғырту мәселесі талқыланды. Жаңғырту жұмыстары құрылыс-техникалық, техникалық, қоғамдық тамақтану және сервис, жоғары көлік және коммуникация колледждері, «ASTANA POLYTECHNIC», технологиялық колледж, сервис және туризм колледжі секілді оқу орындарын ағымдағы жөндеуден өткізуді қамтиды. Сонымен қатар, халықаралық салалық сертификаттауды енгізу, «Дағдыларды игеру фабрикасы» (Factory of Skills Acquisition) форматы бойынша ресурстық орталықтар ашу және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын интернационализациялау жоспарланған»,- деп жазды Табиғат Зейнұлқабден.



