Астанада 4 мектеп пен 3 орталықта инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram аккаунтында мектептер мен шағын орталықтар жанынан инклюзияны қолдаудың жаңа кабинеттерінің ашылғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Elorda.info.
Қала әкімінің айтуынша, балабақшалар мен мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерінің санын арттыру жалғасады. Мәселен, «Болашақ» қорымен бірлесіп, 8 балабақшада инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықталды. Жуырда тағы 3 шағын орталықта осындай кабинеттер ашылады.
Негізгі уақытта балалар қатарластарымен бірге қарапайым топтарда болады және күніне бірнеше сағат инклюзияны қолдау кабинетінде педагог-ассистенттермен бірге оқиды. Кабинетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, сөйлеу, коммуникативтік және тұрмыстық дағдыларды қалыптастыру жұмысы жүргізіледі.
№95 «Алматы» балабақшасындағы инклюзияны қолдау кабинетінің қызметімен таныстым. Ерекше балалардың ата-аналарымен, балалар инклюзиясы мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ өкілдерімен спорттың қолжетімділігі, кәсіптік бағдарлау даярлығы, білім беру мекемелерінде инклюзияны қолдауға арналған қосымша кабинеттер ашу мәселелерін талқыладық, ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын белгіледік, - деді Жеңіс Қасымбек.
Тәрбиешілер мен ата-аналардың айтуынша, инклюзияны қолдау кабинеттеріне барған балалар әлеуметтену және оқыту дағдыларын айтарлықтай жақсартты.
Мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерінің санын арттырамыз. Қазір 29 мектепте бар. Биыл тағы 4 мектепте ашуды жоспарлап отырмыз, - деп қорытындылады қала басшысы.