«191-бап»: Күлкі мен шындық түйіскен инклюзия сахнасы


Астанадағы «Қанаттылар» инклюзивті театры 27 мамыр күні көрерменге өзгеше қойылым ұсынды. Жас драматург Қазыбек Аманжолдың «191-бап» атты комедиясы күлдіріп тұрып ойландырған, жүрекке жеңіл әзілмен жетіп, санада ауыр сұрақ қалдырған ерекше премьера болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұрлық тақырыбы – қоғам айнасы
Қойылым сюжеті әдеттен тыс: бір үйге бір күнде екі ұры түсіп, күтпеген жағдайға тап болады. Күлкілі диалогтар, шынайы тартыстар, астарлы сөздер көрерменді бірде езу тартқызып, бірде жан-дүниесіне үңілдіреді. Бірақ бұл жай ғана комедия емес. Бұл – қоғамның кейбір көз жұма қарап келген көлеңкесін әжуалап, көрерменнің өз бейнесін көруіне себепкер болатын сахналық ой.
Күлдіру – ең қиын өнер
Режиссер Марина Тәңірберген үшін бұл – екінші ірі спектакль. Сахнада біршама жыл актриса қызметін атқарған өнер иесі қазіргі таңда режиссура әлеміне батыл қадам басып келеді. Оның айтуынша, инклюзивті театрда драма қою жеңіл – өйткені актерлердің өмірі мен шынайылығы кез келген көрерменнің жүрегін елжіретеді. Ал күлдіру – шын өнер.
«Күлкі – кәсіби актер үшін де қиын. Бізге осы жолы сол қиындықты еңсеру бұйырды», – дейді режиссер.
Марина Тәңірберген бұл қойылымды кездейсоқ таңдамаған. Комедияға арқау болған «Ұрылар» пьесасын алғаш қолға алған сәтінен бастап, тоқтай алмай оқып шыққанын айтады.
«Әр оқиға нақты, әрекеттері айқын. Автор – жас драматург, замандасымыз Қазыбек Аманжол. Біз пьесасына өзгерістер енгізуді ұйғарған кезде, Қазыбек маған былай деді: “Пьеса менікі болғанымен, спектакль сіздердікі”. Осы сөздер маған қатты әсер етті. Бұл оның шығармашылыққа деген ашықтығы мен сенімінің белгісі еді. Сол сәттен бастап біз қойылымды жан-тәнімізбен, ерекше ықыласпен жасауға кірістік. Бұл сенім бізге қанат бітіріп, әрбір актер мен режиссер үшін үлкен мотивация болды», — деді режиссер Марина Тәңірберген.
Ерекше жандар – ерекше өнерпаздар
Бұл қойылымды ерекшелейтін тұсы – актерлік құрам. Актерлердің арасында арбада қозғалатын, есту, көру қабілеті шектеулі, басқа да денсаулық ерекшелігі бар жандар бар. Бірақ олардың өнерге деген құштарлығы мен сахнаға деген құрметі - бәрінен биік.
«Бір актрисам, Жанардың, бірінші топтағы мүгедектігі бар. Екі бүйрегі жұмыс істемейді. Бірақ оның еңбегі кез келген кәсіби актерге үлгі. Бізді байлап тұрған тек өнер емес – достық, сенім, жанашырлық», – дейді Марина Тәңірберген.
Актердің өсу жолы – Каринаның көзімен
Қойылымда басты рөлдердің бірін сомдаған – жас актриса, Қазақ ұлттық университетінің түлегі Карина Әбелдина. Ол спектакльде – алаяқ қыздың образында. Бұл - оның актерлік жолындағы комедия жанрындағы алғашқы басты рөлі.
«Комедия – драмаға қарағанда қиын. Халықты күлдіру – жүрекке жетуден де ауыр», – дейді Карина.
Бұл рөл оның тек кәсіби емес, адами жағынан да өсуіне себеп болған.
«Біз адамдарды сырт келбетіне қарап бағалай береміз. Бұл спектакль дайындық барысында маған адамның ішкі әлеміне үңіле білу керек екенін ұқтырды», – дейді ол.
Каринаның айтуынша, инклюзивті театрға алғаш келгенде қобалжу болған. Бірақ ерекше жандармен араласу өмірлік сабақ берген.
«Олардың бойындағы табандылық, шүкіршілік, өнерге деген махаббат мені де өзгертті», – дейді ол.
Ерекше жандар - режиссер Марина Тәңірбергеннің өнер жолына қайта оралуының себепкері. Ол негізгі уақытын жанұясы мен бала тәрбиесіне арнап, 12 жыл бойы өнерден алшақтап қалған. Бірақ бір сәт бәрін өзгертті.
«Бір күні жолдасыммен осы “Жастар” театрына спектакль көруге келдік. Сахнада “Қанаттылар” театрының үзіндісін тамашаладым. Ерекше жандардың өнерге жанын салып, сахнада күресіп жатқанын көрген сәтте менің ішкі алауым қайта тұтанды. Жүрегім қайтадан сахнаға тартты. Жанымды шайқап, өнерге деген сағынышымды оятқан – дәл осы театр, осы адамдар еді», – дейді режиссер.
Қойылым соңында әр ұрының жеке монологы бар. Ол жерде әр кейіпкер өз әрекетінің себебін түсіндіреді. Бұл – көрерменге тікелей берілген сұрақ: «Біз не үшін осындай әрекетке барамыз?».
Режиссердің айтуынша, көрермен сахнадан өзін, досын, көршісін тануы тиіс. Спектакль әркім өз шынайылығын көретін айна іспетті.
«191-бап» – жай ғана комедия емес. Бұл – өнер мен өмір, кемшілік пен кемелдік, шектеу мен шабыт туралы шынайы диалог. Инклюзивті театр ұсынған бұл спектакль – әр адамға бір сәт кідіріп, айналасына қайта үңілуге себеп. «Қанаттылар» театрының бұл туындысы – күлу арқылы тәрбиелеудің, күле отырып адам болудың нағыз үлгісі.
Батима ТІЛЕУБЕРДІ
Театр тарихы мен қызметі
«Қанаттылар» инклюзивті театры – сахнада шектеулерді жойып, өнер арқылы мүмкіндіктерді кеңейтетін ерекше шығармашылық алаң.
Бұл театрдың негізі 2021 жылы 5 қазанда, Мүгедектігі бар жандар күні қарсаңында қаланған. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар театры» МКҚК жанынан Qanattylar инклюзивті бөлімі ашылды. Оның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі дарынды жандарды дамыту және қоғамға әлеуметтендіру болатын.
Бүгінде театр құрамында 40-қа жуық актер бар. Ұжымның репертуарында «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклі, «Үй таңдаған лақ» ертегісі, «Қызжылаған» драмасы, «Өмір-ғайып» мелодрамасы, «Күле аласыз ба?» комедиясы, «Арман» музыкалық драмасы, «Бір өмір – екі тағдыр» өмірбаяндық драмасы, «Алло, бұл кім?» лирикалық комедиясы сынды түрлі жанрдағы қойылымдар бар.
2025 жылы «Қанаттылар» инклюзивті театры өз алдына жеке шығармашылық ұжым ретінде құрылып, өз жолын бастады.



