Астанада баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған жасөспірімнің қайда екені белгілі болды

13 ақпан, 2025
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Астанада баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған жасөспірімнің қайда екені белгілі болды
Фото: видеодан скриншот

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада лифтте балаларға шабуыл жасаған психикалық ауытқуы бар жасөспірім туралы тың деректер жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ДИНАРА ЗӘКИЕВА НЕ ДЕДІ

Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Динара Закиева балаларға шабуыл жасаған жасөспірімнің қазір қайда екенін айтты. Ол аудан әкімімен бірге ауруханада жатқан баланың әкесімен кездесіп, сөйлескен.

«Баланың жағдайы тұрақты, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша аймақтық комиссар Бимендина А.Т. қыздың анасымен үнемі байланыста. Шабуыл жасаған бала жағдайына байланысты тергеу біткенше денсаулық сақтау мекемесінде болады», – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл. 

ЖАСӨСПІРІМ БАҚЫЛАУДА

Зәкиеваның сөзіне қарағанда, жасөспірімнің анасы жауапқа тартылған. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шабуыл жасаушы арнайы бөлімнің бақылауында. 

«Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес 2010 жылғы 7 тамызда туған кәмелетке толмаған жасөспірім 1 ай мерзімге психиатриялық стационарға жатқызылды. Науқас үшін күшейтілген бақылау режимі белгіленді», – деп мәлімдеді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БАЛАЛАР 1890 ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, сот шешіміне сәйкес қылмыс жасаған психикалық ауытқуы бар адамдар мәжбүрлі түрде емделетін мекемеде қазір 745 адам жатыр. Оның біреуі 2025 жылы келіп түскен кәмелетке толмаған қыз бала екенін атап өтті. Ал былтыр ешқандай науқас келіп түспеген. 

«2024 жылы кәмелетке толмағандар барлығы 1890 қылмыстық құқық бұзушылық жасады. Оның 130-ы аса ауыр. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар және олардың қатысуымен 12 кісі өлтіру фактісі тіркелді. Бұлай стигматизация жасап, қылмыс пен есепте тұрған кәмелетке толмағандарды байланыстыруға жол беруге болмайды», – дейді Закиева.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада жасөспірім кішкентай баланы пышақтап тастағанын жазған едік.

Кейін дәрігерлер жәбірленушінің жай-күйін мәлімдеген болатын. 

«Бала тексерілді, ота жасалды, хирургтар қанды тоқтату үшін тамырларды байлады. Баланың жалпы жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалайды. Отадан кейінгі жағдайы тұрақты», - деп хабарлады елордалық басқарма.