Астанада қар тазалауға 1 300-ден астам арнайы техника шықты
Астанада қар тазалау жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы екі ауысымда жұмыс істейді. Күн сайын қаладан жүздеген жүк көлігі қар шығарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
20 қараша күні таңертең қала бойынша қар күреу және шығару жұмысына 2 700-ге жуық жол жұмысшы және 1 300-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
20 қарашаға қараған түні қар полигондарына 1 289 жүк көлігі шығарылды, бұл 17,4 мың текше метрден асады.
Қыс мезгілі басталғалы қаладан 39 734 рейс арқылы 502 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз», - делінген хабарламада.