Астанада «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» конференциясы өтті

Астанада «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» конференциясы өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» атты ғылыми-мәдени конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шара ардагерлер, ғалымдар, жастар мен педагогтерді бір алаңда тоғыстырды. Бағдарламада баяндамалар, пікірталас, көрме және шығармашылық жұмыстар ұсынылды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының басшылығы, абайтанушы ғалымдар, өнер қайраткерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Спикерлердің бірі Абайдың қара сөздеріндегі мемлекеттік бейнелерді талдап, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық» деген сөзін еске алып, ойшылдың ең алдымен адамдыққа шақырғанын атап өтті.

Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Абай шығармаларында Алла сөзі 133 рет, ғылым сөзі 111 рет кездесетінін мысалға келтіріп, бұл деректер ойшылдың ғылымға ерекше мән бергенін көрсететінін айтты.

Шарада Марлен Нұрланұлы Абай шығармашылығына арналған өзінің жаңа кітабын кітапханаға сыйға тартты. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева Абай әндерін орындап, жиынның рухын көтерді.

Конференцияға онлайн форматта Ресей, Армения, Португалия және Индонезия елдерінің өкілдері де қосылды. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

Айта кетейік, конференцияға қатысушылар Абайдың мұрасын заманауи тұрғыда түсіндіру – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадам екенін атап өтті.

Сара Қамзаева

Фото: Сара Қамзаева

Фото: Сара Қамзаева