Астанада 60-қа жуық мұз айдыны мен сырғанақ салынады
Астанада мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық фигуралар, фотоаймақтар және т.б. салынып жатыр. Бес аудан аумағында барлығы 60-қа жуық мұз айдыны мен сырғанақ салынады, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мұз айдындарын, сырғанақтар, шағын архитектуралық фигуралар, фотоаймақтар және басқа элементтерді салу сияқты жаңа жылдық безендіру жүріп жатыр. Әдетте, жыл сайын бұл жұмыстар 23-25 желтоқсанға дейін аяқталады.
Жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Мысалы, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және ЭКСПО-қалашықта салынған мұз айдынында, сырғанақта серуендеуге болады.
Сонымен қатар, осы демалыс күндері елорданың Орталық саябағында ұзындығы 290 метр болатын алғашқы желілік мұз айдыны ашылады. Ол арнайы концерттік бағдарлама арқылы 23 желтоқсан күні сағат 18:00-де ашылады.
Сарыарқа ауданында Бөгенбай батыр даңғылы, 43, Бейбітшілік көшесі бойындағы қалалық алаңда, «Көктал» саябағында қысқы ойын-сауық ұйымдастырылады.
Алматы ауданында мына орындар белгіленді: «Қазақ Елі» монументінің жанындағы алаң, ІІМ жанындағы Тәуелсіздік және Қажымұқан көшелерінің қиылысында, «Құмыра» мекемесінің тұрағында, Абылай хан – Қобда қиылысында, Оқушылар сарайының жанында.
Сонымен қатар, Нұра ауданындағы қысқы демалыс алаңдары Ailand отбасылық демалыс орталығы, Keruensity СОО, «Хан Шатыр», Asia Park, сондай-ақ елордалық саябаққа және «Үркер» тұрғын алабына кіреберіс жанында ашылады.
Жақын арада Байқоңыр ауданының тұрғындары «Ататүрік» саябағында, «Жастар» сарайында, Жазушылар аллеясында, Қазқалашық, Кирпичный, Өндіріс, Қоянды елді мекендерінде мұз төбешіктерінде сырғанай алады.
Есіл ауданында ЭКСПО аумағында, Ботаникалық бақта және «Керуен» СОО маңында тағы үш орын белгіленді.