Астана әуежайында Ризабек Айтмұханды қарсы алды
Күрес түрлерінен 23-29 қазан күндері Албания елінің астанасы Тиранада өткен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында бақ сынаған Ризабек Айтмұханды жанкүйерлер мен күрес жанашырлары зор қошеметпен қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еркін күрестен 97 келіде бақ сынаған Ризабек Айтмұхан бір айдың ішінде 2 түрлі санатта қарсылас шақ келтірмеді. Қыркүйекте Испания елінде өткен 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында топ жарса, енді Албания елінен де жеңіспен оралып отыр.
Атақты балуанымыз жарыс жолында Каллум Виллиам Нокс (Канада) мен Владислав Козловты мерзімінен бұрын жеңсе, жартылай финалда Шамил Имам Гаджалиев (7:4) айтарлықтай қарсылық танытты. Ал финалда Иран спортшысы Махди Морафахтан 11:6 есебімен басым түсті.
«Әлем чемпионы атану кез келген спортшының арманы, мақсаты. 20 жасымда үшінші рет жаһандық додада қазақтың көк туын желбіреткеніме қуаныштымын. Өкінішке қарай, Париж Олимпиадасына бару бұйырмады. Бірақ 20 және 23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатына барып та, топ жардым. Бұл жерде де өзіндік мықты бәсекелестік бар. Жеңемін деген мақсатым болды. Енді ең биік тұғырдан көріну - мен үшін үлкен қуаныш. Ал жарыс жолындағы ең мықты қарсылас ретінде финалдағы Иран спортшысы Махди Морафахты айтар едім. Себебі, бұл елдің спортшылары әлемде мықтылардың қатарынан саналады әрі жанкүйерлер менен тек қана жеңіс күткендіктен психологиялық қысым болды», - деп балуан Ризабек Айтмұхан эмоциясымен бөлісті.
2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан 23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында еркін күрестен 5 жерлесіміз финалға дейін жеткенімен, есе жіберген еді. Сондықтан Ризабек Айтмұханның бұл жетістігін тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар.
Ризабек Айтмұхан 2022 жылы да 23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында бақ сынап, жүлдеге бір қадам жетпей, 5-орынға тұрақтаған еді.
Осылайша, 2024 жылы түпкілікті 97 келіге ауысқан Ризабек Айтмұхан ірі жарыстар саналатын Азия чемпионатында күміс, U20 және U23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында бірінші орынға ие болды.