Астана әуежайында тәртіп бұзған жолаушы бірден 3 баппен жауапқа тартылды
Астана әуежайында мас жолаушы бірден үш баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Астана – Алматы бағытындағы әуе рейсінің жолаушыларын тексеру кезінде болды. Алматы қаласының 38 жастағы тұрғыны масаң күйде қоғамдық орында балағат сөздер айтып, тексеру қызметі мамандарының ескертуіне құлақ аспаған. Мән-жайды анықтау барысында ер адам билік өкілдерінің заңды талаптарын орындамаған. Алайда, қарсылық танытқанына қарамастан, құқық бұзушы ұсталып, полиция бөлмесіне жеткізілді.
Ұсталған азамат алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін, ұсақ бұзақылық жасап, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін бірден үш баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материалдар шешім шығару үшін сотқа жолданды.