Астана тұрғынынан 38 млн теңге бопсалағандар ұсталды
Астаналық полицейлер бірнеше жыл бойы тұрғынды қорқытып, 38 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген бопсалаушыларды ұстады, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
31 және 46 жастағы екі ер адам бірнеше жыл бойы астаналық азаматтың ақшасын қорқытып алып жүрген. Олар психологиялық қысым көрсету арқылы, интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытып, 2019 жылдан бастап ер адамды бопсалаған.
Бірнеше жыл ішінде астаналық азамат бопсалаушыларға жалпы сомасы 38 млн теңгеге жуық ақша берген. Күдіктілердің бірінің талабын орындау үшін жәбірленуші өзінің Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін ломбардқа тапсырып, 10 млн теңге берген. 46 жастағы күдіктінің кезекті бопсалау фактісінен кейін ер адам полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалауға қатысы бар екі ер адамды ұстады және қамауға алды. Күдіктілердің бірі Алматы қаласында ұсталды. Жеке тексеру барысында одан есірткі заты оралған түйіншек тәркіленді.
Ұсталған адамның бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.