Астана қаласы әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің instagram парақшасында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін Медицина қызметкері күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!
Денсаулық – қолымызда бар ең құнды нәрсе, ал сіздер – біздің басты қаһармандарымыз осы жолда күн сайын тоқтаусыз еңбек етіп жүрсіздер.
Елорданың мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 12 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Сіздердің әрқайсыларыңыз ұлтымыздың денсаулығына баға жетпес үлес қосып келесіздер.
Былтыр емханалардың дәрігерлері 10 миллионнан астам қабылдау өткізді, жедел жәрдем қызметкерлері 700 мыңнан астам шақыруға шықты. Елорда стационарлары 200 мыңға жуық науқастың өмірін сақтап қалды, жүз мыңнан астам күрделі операция жасалды. Сіздер 30 мыңнан астам сәбидің өмірге келуіне көмектестіңіздер! Осы сандарға қарап-ақ үлкен жұмыстарыңыз бен адал еңбектеріңіз туралы айтуға болады, - деді Жеңіс Қасымбек.
Ол, сондай-ақ, Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту, дәрігерлерді жан-жақты қолдау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өткенін айтты.
Біз медицина қызметкерлері мен науқастар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысты жалғастырамыз. Алдағы үш жылда 11 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 2 перинаталдық орталықты, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухананы, оның ішінде балалар ауруханасын, 2 мемлекеттік және 5 жеке емхананы салуды жоспарлап отырмыз.
Медициналық ұйымдарды заманауи техникамен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру маңызды міндет болып саналады.
Ақ халатты жандарды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін!- деп құттықтады қала әкімі.