Қанат Бозымбаев елорда аумағында су тасқынынан қорғау шараларын тексерді

Бүгін, 17:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қанат Бозымбаев елорда аумағында су тасқынынан қорғау шараларын тексерді
Фото: primeminister.kz

Вице-премьер Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында, Целиноград ауданындағы Тайтөбе, Талапкер ауылдарында және Ақмола облысының Қосшы қаласында болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев облыс әкімі Марат Ахметжановпен бірге Есіл және Нұра өзендерінің сағасындағы бөгеттердің, су өткізу құрылыстарының, су тораптарының жай-күйін тексерді. Сондай-ақ Астана контр реттеуіші мен елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылымен арадағы ұзындығы 6,5 шақырымға созылған тоспа бөгеттің құрылысын қадағалады.

Вице-премьер Қосшы қаласының маңындағы Тайтөбе ауылындағы тасқыннан қорғаныс үшін тұрғызылған үйіндінің беріктігін тексерді. Іс жүзінде ауылда 7 мың адам тұрады. Мұндағы топырақ үйіндісі елді мекенді даланың еріген суынан қорғау қызметін атқарады.

Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Нұра-Есіл өзендеріндегі Преображен су торабының жай-күйімен және Талапкер ауылы арқылы өтетін су бұру каналының жағалауларын көтеру жұмыстарымен танысты.

Ақмола облысында барлығы 144 су тасқыны қаупі бар елді мекен бар. Әкімдіктің мәліметінше, алдын алу шаралары толығымен аяқталды.

Осылайша, Целиноград ауданында Есіл және Нұра өзендерінің қауіпті учаскелерінде жағалауды бекіту және арнасын кеңейту жұмыстары жүргізілді. Көкшетау қаласындағы Қылшақты өзенінің бассейні бойынша түбін тереңдету шаралары атқарылды.

Облыс басшылығы бүгінгі таңда өңірде 107,4 шақырым су бұру каналдары жабдықталғанын, 38 шақырым өзен арналары тазартылғанын, ұзындығы 35 шақырымнан асатын өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде жағалауды бекіту және түбін тереңдету жүргізілгенін баяндады. 131 шақырым бөгет нығайтылды, 21 шақырымнан астам жаңадан үйінділер тұрғызылды және 336 су өткізу құрылыстары жабдықталды.

Қанат Бозымбаев жұмыс сапарының қорытындысы бойынша су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін қажетті техника мен жеке құрамды дайындауды тапсырды.