Ғалым Қожабеков: Астанада барлық спорт түрінен жоғары шеберлік көрсететін мүмкіндік бар
Осыдан 27 жыл бұрын, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға ресми көшірілді. Осы атаулы күнге орай белгілі спорт журналисі Ғалым Қожабеков пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«27 жыл бұрын Қазақстан астанасын ресми ауыстырғалы бері елордамыздағы спорттың деңгейі айтарлықтай дамыды. 1998 жылға дейін қаладағы ең үлкен спорт кешені Қажымұқан атындағы стадион болған еді. Қазір бұл стадион жабылған. Әбден ескіргендіктен, оның орнына жаңа спорт кешені салынбақ. Ал жаңа Астанада қаншама халықаралық стандарттарға жауап беретін спорт ғимараттары бой көтерді. Олардың арасынан «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арена», «Алау» мұзайдыны, «Сарыарқа» велотрек спорт сарайы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайын ерекше айтуға болады», - деді белгілі спорт журналисі.
Ғалым Қожабековтың сөзінше, жаңадан салынған спорт кешендерінің арқасында қазақ спорты көптеген жаңа жетістіктерге жетті.
«Астана» футбол клубының Қазақстан футбол тарихында ең көп 17 титул жеңіп алуы, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бірінші рет өнер көрсетуі, бокстан Олимпиада және әлем чемпионаты жүлдегерлерінің шығуы, әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенованың төрт бірдей әлем чемпионатынан жүлдемен оралуынан бөлек, Астананың V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, бокстан, күрестен, дзюдо сынды белді спорт түрлерінен әлем чемпионатын қабылдауы – осының айқын дәлелі. Астанада спорттың қай түрінен болса да, жоғары шеберлікті көрсететін мүмкіндік бар», - деді Ғалым Қожабек.