АЭС салу – келешектің кемел жобасы
«Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры, сарапшы-энергетик Жақып Хайрушевпен АЭС салудың маңызы неде, одан не ұтамыз, атом энергетикасының экологиялық және қоғамдық қауіпсіздікке әсері қандай деген сұрақтардан жауап алдық, деп хабарлады Elordainfo.kz.
— Сіз еңбек жолыңызды қарапайым энергетик болып бастап, Қазақстанда энергетика саласының қалыптасып, ілгерілеуіне куә болған тәжірибелі мамансыз. Еліміздің қазіргі энергетика саласының ахуалы қандай? Энергияға деген тапшылық бар ма?
-Ұзақ жылдар энергетикалық компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе шыңдап, саланың қыр-сырын меңгердім. Сондықтан сарапшы-энергетик ретінде саланың жұмысын сараптай аламын. Шынында, елімізде электр энергиясының тапшылығы бар. Бәлкім, 6-7 жыл бұрын қалыптасты деуге болады. 2019 жылы «Электр энергетикасы туралы» заң аясында жобалар құрылысына жүйелі қарауға, яғни тарифті, пайданы, рентабельділікті алдын ала есептеуге мүмкіндік беретін қуаттылық нарығы пайдалануға берілді.
Шүкір, демографиялық дүмпу сезілуде, 20 миллионнан астық. Алдағы уақытта халық саны өсе береді. Сонымен бірге экономикамыз бір орында тұрмайды. Өнеркәсіп саласын ілгерілету, шағын және орта бизнес саласын дамыту маңызды. Мұның бәрі энергиясыз іске аспайды. Қоғамдық өмірімізге жасанды интеллект дендеп енуде. Одан бас тартсақ, өркениет көшіне ілесе алмаймыз. Ал, ЖИ энергияны көп тұтынатынын білуіміз керек.
6-7 жыл бұрын байқалған энергия тапшылығы алдағы уақытта ұлғайып, сұраныс арта береді. Мұның бәрін жылу электр стансасымен (ЖЭС) қамтамасыз ету қиын. Бізге энергияның жаңа көздерін табу керек. Қазіргі сұранысты, тіпті алдағы 10-15 жылға керекті электр энергиясын ескі көздерді жаңғырту, кеңейту арқылы шешуге болатын шығар. Бірақ шексіз емес. Мәселен, қуаттылығы 1000 МВт ЖЭС толық жұмыс істемейді. Оларды қайта құруға, жаңғыртуға не кедергі болып отыр? Біріншіден, тарифке әсер етеді.
— Энергияға деген тапшылық қалай шешілуде?
Алматының энергетика жүйесін газға көшіру жоспарда бар. Екібастұз ГРЭС-і жыл соңына дейін тағы 1 блок іске қосылады. Жезқазған, Балқаш, Атырау, Павлодар ЖЭС-ін жаңғырту жобасы бар. Бұған Көкшетау, Семей, Өскемен ЖЭС-ін қосыңыз. Екі су электр станциясы бар. Азия орталығындағы жобаларға қосылдық. Осы жобалар елішілік энергия қажеттілігін шешуде септігі бар.
— Тариф демекші, қазіргі электр энергиясын тұтыну құны қандай? Тарифке байланысты Үкіметтің ұстанған саясаты туралы не дейсіз?
Бұл үлкен мәселе. Тариф қалыптастыру мәселесіне енді көңіл бөлініп, нарықтың талаптарына сай азды-көпті теңестіре бастадық. Мұны тұтынушылар дұрыс қабылдамай, «шок» болуда. Егер 6-7 жыл бұрын тарифті біртіндеп көтергенімізде, халық қазіргідей абдырап қалмаушы еді.
Шынында, Үкімет тариф саясатына сақтықпен қарап, бірнеше жылдан бері тарифті күрт көтеруге қадам жасамады. Бірақ кәсіпкерлік субъектілеріне тарифтің қымбаттағанын сезінді. «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнес үшін тарифтің көтерілгенін байқап отыр. Бұл сұрақты көтеріп, министрлікпен, құзырлы департаментпен шығып, талқыладық. Өкініштісі, біздің ұсыныс-пікіріміз ескерілусіз қалды.
— Маман ретінде айтыңызшы, кәсіпкерлікті дамыту маңызды, коммуналдық шығындар іскер азаматтардың ісін дөңгелетіп кетуде кедергісі айтарлықтай болады. Тығырықтан шығатын жол бар ма?
Халықтың әлеуметтік осал санатына жататын адамдар бар. Әрине олар тарифтік субсидиялау арқылы қолдау керек. Бірақ мұның өзі тығырықтан шығатын жол емес. Бізге электр энергиясын үнемдеу тәсілдерін жетілдіру маңызды. Сөйтіп, экономикамыздың энергия тиімділігін арттыруымыз керек. Бәрінен бұрын, адамдардың энергияны тұтынуда үнемшілдік көзқарасын қалыптастырған жөн. Онсыз іс өнімді, жұмыс берекелі болмайды. Мысал үшін айтайын, соңғы оншақты жылда Еуропаның жетекші елдерінде энергияны тұтыну деңгейі қатты өспеді. Солай бола тұра, Ұлыбритания, Франция және Германияда экономика бірнеше есе өсті. Неге, өйткені жаңа өндіріс ашқанда ең бірінші энергияны үнемдейтін технологияны енгізуі тиіс. Онсыз іскерлік жұмыстарын жүргізе алмайды. Яғни еуропалықтардың үнемшілдік дағдысы қалыптасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Кім көп тұтынса, ол көп төлейді» деп анық айтты. Бұл – дұрыс пайым, ұтымды шешім. Жаңа жылдан бастап осы тәсілге көшсек, кәсіби тұрғыдан энергияны үнемдеуге бет бұрамыз деуге болады.
— Сіздің сөзіңізше, тығырықтан шығатын жол біреу – электр энергиясын үнемдей. Солай ма?
Әрине, үнемшілдік жақсы қасиет. Екінші нұсқасы – көп электр стансасын салу. Көмірмен өндірілетін станцияларды көптеп салуды әлемдік қауымдастық қолдамайды. Өйткені Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. Халықаралық келісім шеңберінде 20-25 жыл көлемінде көмірмен жұмыс істейтін станцияларды жаңартуға, жаңғыртуға мүмкіндік бар. Одан кейін не істейміз, әрине, электр энергиясының жаңа көздерін іске қосу керек. Қазір көміртегі бейтараптығына көшу әлемдік трендке айналғалы қашан. Бұдан Қазақстан сырт қала алмайды.
Жаңғыртылатын энергия көздерін мемлекеттік деңгейде де, бизнес деңгейінде де жан-жақты қолдаймыз. Бұл бағытта проблемалар жоқ. Бұл энергия көздерін экономикаға керекті деңгейде өндіруде мегажобаларға айналдырып, энергетикалық жүйемізге біркелкі қосылуы керек. Тарифті белгілеу мәселесі технологиялық тұрғыда шешімін таппаған мәселе.
Қысқасы, Қазақстан энергияның тапшылығын реттейтін бір жолы – бейбіт атом энергиясы.
— Негізгі тақырыпты кеңірек тарқата түссек. Ауқымды жобаға экономикалық тұрғыда дайынбыз ба, экологиялық зияны жоқ па, кәсіби мамандар жеткілікті ме?
Бірден айтайық, АЭС бүгін немесе ертең энергия бермейді. Келешектегі электр энергиясына деген тапшылық үшін керек. Өйткені 10-12 жыл салынуы мүмкін.
Атом мамандарымыз бар. Түркиядағы АЭС құрылысында 600 қазақстандық маман жұмыс істейді. Бангладештегі станция құрылысында 400 отандық инженер-энергетиктер атсалысуда. АҚШ-та, Францияда, Мысырда жұмыс істейтіні бар. Ондағылардың нақты санын білмеймін.
Осы мамандар АЭС салынатын болса, елімізге бет бұрып, келетініне санемін. Тіпті кәсіби мамандарды өзіміз шақырамыз. Бұл мәселе емес. Елдегі университеттерде атом энергетикасы бойынша білім алатын студенттер аз емес. Олардың тәжірибесін шыңдап, дайындай аламыз. Сондықтан мамандарға байланысты мәселе жоқ.
Қазақстанда көмір бағасы тоннасына шамамен 5000-6000 теңге. Ал уран бағасы әлемдік нарықта бір фунт үшін 40 доллар. Бізде ішкі нарықта уран қолданыста жоқ. Бұл жерде ең маңыздысы – уранның бағасы емес, энергияны жинақтау технологиясы. Осы технологияны қолдану нәтижесінде әлем салыстырмалы түрде арзан және көп энергия алып отыр. Оның ең қымбаты – реакторлардың қоршаған ортаға қауіпсіздігін және пайдаланылған элементтерді жоюды қамтамасыз ететін құрылғылар.
— Қазақстандықтар арасында атом энергиясына деген қорқыныш бар. Оны жасыра алмаймыз. Жалпы, әлем тәжірибесі туралы тоқтала кетсеңіз.
Финляндия көптеген рейтинг бойынша көш басында. Мәселен, Климат көрсеткішінің индексі, Экологиялық тиімділік индексі, Экономикалық еркіндік индексі, Жаһандану индексі және тағы басқасында алдыңғы қатарда. Финляндия орманымен, суы тұнық көл-өзендерімен мақтанады. Скандинавиялық елде 2 атом электр станциясы бар.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) және Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) есебінше, дүниежүзінің 32 елінде жалпы электр қуаты 394 ГВт болатын 440 ядролық реактор (қуат блоктары) жұмыс істейді. Оның басым көпшілігі АҚШ, Еуропа елдері мен Жапонияда орналасқан. ТМД бойынша Беларусьте, Арменияда, Ресейде, Украинада атом электр станциялары жұмыс істейді. Түркияда 4 блок салынуда. Биыл бірінші блок ашылады.
— Ел арасында Балқашта АЭС орнатылады, бұл көлдің экологияға әсер етеді деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
Біріншіден, Балқаш көлінің суы АЭС реакторына тимейді. Су ТЭЦ-тегідей жылу механикалық қондырғысымен жанасады. Атом электр станциясының ядролық отынының 30 пайыздан астамы қайта циклге қайтарылады. Біле білсек, ЖЭС экологияға кері әсері орасан зор. Көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларының радиоактивтілігі радиацияның өзінен кем емес. Бұл туралы біздің экологтар жақ ашпайды. Неге десеңіз, энергия қажет. Онсыз қараңғы түнекке қайта түсіп, өркениет көшінен қалып кетеміз. Ауа адамға қандай қажет болса, елдің дамуында энергияның қажеттілігі сондай деңгейде.
Көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Көміртегі бейтараптығы туралы халықаралық келісімге келгендіктен, Екібастұз көмірінің дәуірі аяқталып келе жатқанын білуіміз керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында көмір химиясын жетілдіруді ұсынды. Көмір химиясы арқылы кокс газы, көмір шайыры, фенол, пиридиндер, антрацен майы, өндіруші газ алуға болады.
Мемлекет басшысы елдің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. Бұл жақсы ұсыныс. Біз энергетикалық нысандардың схемасын әзірлеп, жүйелі дамудың жолын жан-жақты жоспарлауымыз керек.
Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ