«Тұрғын үй қоры» сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжаттар қабылдауды бастады
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ 28 қыркүйектен бастап сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжаттар қабылдауда, деп хабарлайды Елорда Инфо мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған барлық санаттар және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ведомстволық бағынысты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері болып табылатын азаматтар, сондай-ақ полиция және төтенше жағдайлар Департаментінің қызметкерлері қатыса алады. Өтінімді тұрғын үйге кезекте тұрған барлық санаттар және жұмыс орны бойынша талаптарға сәйкес келетіндер бере алады (көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және т.б.). 244 пәтерсатып алу құқығымен жалға беріледі, 1 ш. метрге жалға алу құны 1455 теңге деп бекітілген. Жалға алудың ең ұзақ мерзімі – сатып алу құқығымен 20 жылға дейін; Тұрғын үй жалға алу мерзімі өткеннен кейін жалға алушының меншігіне өтеді; Табыс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі; Берілетін баспана «Жаңа қоныс» ТК - Тілендиев даңғылы, Сары Бұлақ ағысының бойында, «Тамаша» ТК- С. Торайғыров көшесі бойында орналасқан. Құжаттар 28 қыркүйек- 7 қазан аралығында қабылданады. Өтінімдерді қабылдау электронды түрде жүргізіледі, 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап zhilfond.kz сайтында «Онлайн сервистер» бөлімінде «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтінім беру» терезесі пайда болады. Өтінім беру үшін ЭЦҚ кілті және жұмыс орнынан анықтама болуы қажет (басқа құжаттар талап етілмейді). Іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүргізіледі.