00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатыр

27 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
Елордада үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатыр
фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада жыл сайын түрлі нысандардың құрылысы жүргізіледі. Бой көтеретін нысандардың, әсіресе мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін аурухана, мектеп пен балабақша құрылысы уақытында пайдалануға беріліп жатады. Ал кейбір тұрғын үйлердің құрылысы ұзаққа созылып, үлескерлердің үмітін ақтамайды. Дегенмен қала әкімдігі елордалық үлескерлер мәселесі бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәселен 2019 жылы елордада 150 проблемалы үй және 16 мыңнан астам үлескер отбасы болса, бүгінде 142 үйдің құрылысы аяқталып, шамамен 15,6 мың үлескер отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Биыл ақпан айында құрылысы 11 жылға созылған Future home көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Нысанда құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталып, 2017 жылы проблемалы деп танылды. Ал үлескерлер саны 200-ге жуық отбасыны құраған.

Сәуірде 2011 жылы салынып бастаған «Триумф Сити» тұрғын үй кешенінің құрылысы бітті. 13 жылдан кейін көпқабатты тұрғын үй кешенінің 1-кезегінің үлескерлері баспаналы болды.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Сондай-ақ Астана күніне орай құрылысы 10 жылға созылған «Коргалжынский квартал» тұрғын үй кешенінің салымшыларына пәтер кілті табысталды. Жеке құрылыс салушы үлескерлердің қаражатын 2014 жылы қабылдай бастаған, алайда тұрғын үй кешенінің құрылысы 2015 жылы тоқтап қалған. Содан бері пәтер кілтін 280 үлескер күтіп жүрді. Құрылыс материалдарының табиғи түрде ескіруіне байланысты көптеген конструкциясы демонтаждалды. Сонымен қатар үйге техникалық тексеру жүргізіліп, шатырына жөндеу жүргізілген.

Жуырда құрылысы 20 жылға созылған қаладағы ең проблемалы тұрғын үй кешені үлескерлерінің мәселесі шешілді. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Комфорт аймағы-1» және «Жағалау-4» тұрғын үй кешендерінің салымшыларына пәтер кілтін табыстады. Қала әкімі атап өткендей, екі үй де басынан бастап қайтадан салынған.

«Комфорт аймағы-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 20 жыл бұрын басталған. Үйді техникалық тексеру кезінде нысанның апатты жағдайда екені анықталды. Апатты тұрғын үй кешенінің блоктарын толықтай бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Осыған дейін 1-кезектің құрылысы аяқталған болатын. Ол кезде 100-ден астам үлескер отбасы пәтер кілтін алған. Биыл екінші кезектің құрылысын аяқтадық.

Ал «Жағалау-4» тұрғын үй кешені құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Жосықсыз әрекет салдарынан мердігерлер ауысып, үйдің аяқталу мерзімі өзгерді. Тұрғындардың жалпы жиналысында үлескерлерді жаңа «Е16, Е17, Е32» тұрғын үй кешеніне көшіру туралы шешім қабылданған. Осылайша үлескерлер көптен күткен баспаналарының кілтін алды. Аумақты абаттандыру көктемде жалғасады», - деп жазды қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қала әкімі Жеңіс Қасымбек «Жетінші арнаның» «Саясаткер» бағдарламасына берген сұхбатында болашақта мұндай мәселеге жол бермеу үшін бірнеше заң жобасы дайындалып жатқанын атап өтті.

«Құрылысы ұзаққа созылған үйлердің мәселесін биыл толық бітіреміз. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын 16 мың үлескер болды. Былтыр олардың саны 4 мыңға қысқарды. Болашақта мұндай проблемаға жол бермеу үшін Парламентте бірнеше заң жобасы қаралып жатыр. Онда бұл мәселелер шешілуде», - деді Жеңіс Қасымбек.