Бүгін елордада 250 отбасы баспаналы болды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Бүгін елордада 250 отбасы баспаналы болды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115540611365769.webp)
![](https://elorda.info/wp-content/uploads/2020/08/1-46-1024x682.jpg)
Бүгін ел астанасында 250 отбасы баспаналы болды. Оның жартысы – тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар. Елорда әкімі Алтай Көлгінов пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
Қоныс тойы Ілияс Омаров 23/1 мекенжайында өтіп жатыр.
«Ата Заңымыздың 25 жылдығы қарсаңында сіздердің көптен күткен қуаныштарыңызға куә болып тұрмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл қолжетімді баспана салу үш есеге артты. Міне, осы үйлердің бірі өздеріңізге бұйырып отыр. Мұнда 250 пәтер бар. Бұл үй Елбасымыз қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынды. Айналамызға көз жүгіртсек, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал осыдан 5-6 жыл бұрын бұл жерде еш нәрсе жоқ еді. Бұл – ең алдымен мемлекетіміздің, оның ішінде елордамыздың алға жылжып, дамып жатқанының белгісі», – деді қала әкімі.
Алтай Көлгінов сөзін жалғай отырып, келесі апта тағы 1 000 пәтерді қолданысқа беру жоспарланып отырғанын атап өтті.
«250 адам қанша уақыттан бері тиісті салымдарын уақтылы салып келді. Айта кетерлігі, осы 250 отбасының жартысы бізде біраздан бері кезекте тұрды. Қазір 46 мыңнан аса адам пәтер кезегінде тұр. Олардың қатарында зейнеткерлер де, көпбалалы аналар да, мүмкіндігі шектеулі жандарды тәрбиелеп отырған аналар да, мемлекеттің дамуына еңбек етіп жатқан ұстаз, дәрігер, полицей секілді бюджет қызметкерлері де бар. Сол себепті қолжетімді баспананың маңызы зор. Көптен күткен қуаныштарыңыз ұзағынан болсын! Шаңырақтарыңызға бақыт, отбасыларыңызға амандық, денсаулық тілейміз!» – деді шаһар басшысы.
Қала әкімі өз сөзінде елімізге енгізілген төтенше жағдай режиміне, карантиндік шараларға қарамастан әлеуметтік мәселелерді шешу жұмысы тоқтатылмағанын айта отырып, осындай қиындықтарға қарамастан үйдің құрылысын жүргізген компанияға алғысын білдірді. Ал келген жұртқа санитарлық талаптарды сақтаудың маңызын ерекше қозғап өтті.
«Үйімді алу үшін 5 жыл күттім. Қазір зейнет демалысына шыққаныма 4 жыл болды. Зейнетке шыққан соң әкімдікке барып, үй кезегіне тұрдым. Оған қоса салымшы ретінде жинаған азды-көпті қаржым да бар еді. Содан әкімдік баспаналы болуыма үлкен көмегін тигізді. Алтай Сейдірұлы өз сөзінде айтып өткендей, 5 жыл бұрын бұл маңай тап-тақыр жер еді. Бүгін, міне, Конституция күні қарсаңында баспаналы болып отырмыз. Көптен күткен арманымыз орындалды. Енді немерелерімді жолдың арғы бетіндегі мектепке беріп, тәрбиесіне бар уақытымды бөлемін», – деді ақжаулықты әжелердің бірі Ханымгүл Ташмұхамбетова.
«Үй алуым үшін жеті жыл уақытым кетті. Аз уақыт емес. Салымшы ретінде банкке ақша жинағанмын. Бірақ арада бірнеше рет доллар бағасы өсіп, теңге құлдырап кетті. Соның салдарынан жинаған ақшам жетпей қалып жатты. Үй ала алмаймын-ау деген сенімсіздік те болды. Бірақ қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Күдерімді үзбей, ай сайын жоспарлаған ақшамды салып жүрдім. Ұлым да өсіп қалды. Мектепке баратын уақыты да келген. Өзінің жеке бөлмесі жоқ, бұл ой мені қатты алаңдататын. Әкімдік те, банк те осы үйді бөліп төлеу шартымен алуыма келісім бергенде қуанышым қойныма сыймай кетті. Пәтерім екі бөлмелі, 68 шаршы метр. Үйсіз жүрген бізге мұндай кең баспанаға ие болу - зор қуаныш. Қолжетімді баспана бағдарламасы бізге үлкен үлесін қосты», – деді Наталья Михаиловна.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің мәліметінше, биыл жыл соңына дейін 8 мыңнан аса пәтер қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)
![Қазақстандықтар «Жұмысшы мамандықтар қаласына» бара алады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173924044642354032.webp)
![Елордалық әкелер одағы ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173919538225400543.webp)