Америка қазақтары Наурыз мерекесін қалай атап өтеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Америка қазақтары Наурыз мерекесін қалай атап өтеді
ашық дереккөз

Жұлдыз Мырзадиярқызы, АҚШ-та тұрып жатқандарыңызға қанша уақыт болды? Қай салада қызмет атқарасыздар? Әлде білім алып жатырсыздар ма? – Америкаға алғаш рет екі жыл бұрын, яғни 2019 жылдың мамыр айында қыдырып келгенмін. Ол кезде Қазақстанда «Теңізшевройл» компаниясында қызмет етіп жүргенмін. Бір күні АҚШ-ты көру мүмкіндігі бұйырды. Бұл жақта достарым да көп еді. Олар мені құшақ жая қарсы алды. Содан 4-5 ай саяхаттап, елге оралдым. Алайда осындағы достарымды сағынған соң 2020 жылдың қаңтар айында қайтадан Америкаға келдім. Одан кейін пандемия басталып кетіп, осында қалып қойдым. Қазіргі таңда оқуға тапсыруға дайындалып жатырмын. [caption id="attachment_70561" align="alignnone" width="723"] Фото Жұлдыз Исмаилованың жеке мұрағатынан[/caption] – Америкаға бару бала күнгі арманыңыз ба еді? Ең бірінші қай қалаға тоқтадыңыздар? Алғашында қандай әсерде болдыңыз? Естен кетпес қызықты оқиғаларыңызбен бөліссеңіз. – АҚШ-қа келу бала күнгі арманым емес еді. Бұл жаққа деген қызығушылығым «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істеп жүргенімде пайда болды. Алғашында атбасын Нью-Йоркке бұрдық. Одан кейін Филадельфияға тоқтадық. Америкаға алғаш келгендегі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құдды бір басқа әлемге түскендей әсер берді. Бұл жақтағы адамдардың бір-біріне деген құрметі де ерекше екен. Мысалы, дүкендерде танымасаң да бөтен адамдармен амандасып өтесің. Қасыңнан өтіп бара жатып, «excuse me», «sorry» деп кешірім сұрап өтеді. Осы тұстары маған басында өте қызық көрінді. Адамдардың барлығы әрдайым керемет көңіл күймен жүреді. [caption id="attachment_70562" align="alignnone" width="827"] Фото: Жұлдыз Исмаилова/Instagram[/caption] Әрине, бұзықтар көп шоғырланған аудандар да бар. Ондай аудандарға да бардық. Ол жерлерде атыс-шабыс та болып тұрады екен. Бірде бір әпкеме барғанымда атыс басталып, сондай жағдайды өз көзімізбен көрдік. – Филадельфия туралы айтып өтсеңіз. Бұл шаһар несімен ерекше? Қала тұрғындарының саны қанша? – Филадельфия – ең көне, тарихи қалалардың бірі, Американың тұңғыш астанасы. Бұл елдің ең алғашқы заңы осында қабылданған екен. Филадельфия – осынысымен де ерекше қала. Мұнда шамамен 1,5 миллионнан аса адам тұрады. – Мұнда қанша қазақ тұрады? Үнемі бас қосасыздар ма? Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қаншалықты ұстанасыздар? – Бұл қалада достарым көп тұрады. Жалпы, мұнда тұратын қазақтар саны көп екен. Кейбірімен енді танысып жатырмыз. Жалпы, Американың әртүрлі қалаларында тұратын өзім танитын қазақтармен жиі бас қосып тұрамыз. Әлбетте, қазақылықты барынша сақтауға тырысамыз. [caption id="attachment_70563" align="alignnone" width="820"] Фото Жұлдыз Исмаилованың жеке мұрағатынан[/caption] – Естуімізше, Наурыз мерекесін атап өту үшін сіздің бастамаңызбен АҚШ-тың басқа да қалаларындағы қазақтар осы Филадельфияда жиналмақшы екен. Бұл іс-шараны қандай форматта ұйымдастырмақсыздар? Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз. – Иә, АҚШ-тағы қазақтар Наурыз мерекесін Филадельфияда атап өтпекпіз. Осынау іс-шараны 10 күннен бері ұйымдастырудамыз. WhatsApp мессенджерінде «Наурыз» деп ашқан тобымызға әртүрлі қалалардағы қандастарымыз қосылып, қатарымыз күн сайын көбею үстінде. Соңғы күндері қаншама отандасыммен таныстым.  Офлайн форматта мерекелік іс-шара өткізуге жергілікті билік тарапынан ресми түрде 150 адамның қатысуына рұқсат алдық. Дегенмен кеште шамамен 200-дей адам болуы мүмкін. Бұл күні дастарханға ұлттық тағамдарымыз қойылып, қазақтың ұлттық өнері, салт-дәстүрі дәріптеледі. [caption id="attachment_70564" align="alignnone" width="890"] Фото Жұлдыз Исмаилованың жеке мұрағатынан[/caption] – «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, АҚШ-та өмір сүру кезінде қандай ой түйдіңіздер? Алда қандай мақсат-жоспарларыңыз бар? Балаларыңыздың болашағын қай елмен байланыстырасыздар? – Расында да бұл жақта үйренетін нәрсе көп екен. Күнделікті бір жаңа, тың дүниемен танысып отырасыз. Сондықтан да балаларды АҚШ-та оқытқым келеді. Шетел көріп, тіл үйреніп, жоғары білім алса екен деймін. Бірақ болашақта Қазақстанда болғанын қалаймын. Себебі елімізді көркейтуге қызмет етіп, соған атсалысулары керек деп санаймын. [caption id="attachment_70565" align="alignnone" width="827"] Фото: Жұлдыз Исмаилова/Instagram[/caption] – Шетелде тұратын қазақ бизнесмендерінің бірі «Отаныңның патриоты болу үшін өз еліңде тұру міндет емес» деген екен. Келісесіз бе? – Иә, келісемін. Отаныңның патриоты болу үшін шынында да қай елде жүргенің маңызды емес екен. Оған өзіміз де куә болып жүрміз. Мысалы, біз де өз елімізді бір сәтке де естен шығарған жоқпыз. Сондықтан да төл мерекемізді атап өту үшін екі жүзге жуық қазағымыздың басын қосқалы отырмыз. – Елге деген ыстық сәлеміңізді жолдап, жылы лебізіңізді білдіремін десеңіз мархабат. – Жер шарының әр түкпіріндегі барша қазақ халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға құт-береке, ырыс-несібе, мол бақыт тілеймін! [caption id="attachment_70567" align="alignnone" width="600"] Видеодан скриншот жасалып алынды[/caption] Кең болсын қазағымның керегесі! Кетпесін Алла берген берекесі! Алаштың баласына нәсіп болған Құтты болсын әз-Наурыз мерекесі! – Сұхбатыңызға рақмет!