Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалып жатыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалып жатыр
ашық дереккөз

 

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс

«Соңғы 7 жылда елде жасөспірімдер қылмысы тұрақты түрде төмендеп келеді. 2013-2019 жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 64 пайызға қысқарды. Өткен жылы кәмелетке толмағандар қылмысы тағы шамамен үштен бірге азайды. Олар жасаған ұрлық саны 39 пайызға, тонау 54 пайызға, шабуыл 79 пайызға және бұзақылық 25 пайызға төмендеді. Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының себептері – бұрынғыдай, яғни олардың мінез-құлқының дұрыс бақыланбауы. Жыл сайын полиция органдарына шамамен 100 мыңға жуық бала жеткізіледі. Негізінен бұл жасөспірімдер – түнде заңды өкілдерсіз түрлі үй-жай мен ойын-сауық орындарында жүргендер. 2020 жылы кәмелетке толмаған балаларына түнде көшеде әрі ойын-сауық орындарында жүруге жол берген 65 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың өз демалыс орындарында болуына жол берген 800 астам кафе және мейрамхана да әкімшілік жауапқа тартылды. 4 мыңнан астам баланы ата-аналарына беру мен қарау мүмкіндігі болмағандықтан кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына орналастырылды. Қазір құқық бұзушылық жасауға бейім 5 мыңнан астам жасөспірім полиция есебінде тұр. Олармен жеке-жеке алдын-алу жұмысы жүреді. Балалар негізінен түнде қылмыс құрбаны болады. Осыған орай 2010 жылдан бастап кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерсіз көше, түрлі үй-жай әрі ойын–сауық орындарында жүруіне тыйым салынды. Олар сағат 22.00-ден бастап таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық орындарында жүре алмайды. Көшеде сағат 22.00-ден кейін жүруге болмайды. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған. Ата-аналар үшін жаза 3 айлық есептік көрсеткішті – бұл шамамен 9 мың теңге, ал кәсіпкерлік субъектілері үшін жаза меншік формасына қарай 10-нан 50 АЕК-ке дейін, яғни 30-145 мың теңгеге дейін айыппұлды құрайды», – деді ол.

 

Балаларға қатысты жасалған қылмыс

Маманның мәліметінше, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар азайған. Бұл көрсеткіш жыл сайын 1 мыңнан астам фактіге қысқарып отыр. 2013 жылдан бастап олардың саны 5 есе, 2020 жылы 9 мыңнан 1800 фактіге дейін төмендеді. Жасөспірімдердің денсаулығына ауыр зиян келтіру де 12 пайызға азайған. Оларға қатысты шабуыл 71 пайызға, ұрлық 43 пайызға, тонау 49 пайызға және бұзақылық 7 пайызға қысқарды.  

Зорлық–зомбылық

«Соңғы 5 жылда балаларға қатысты зорлық–зомбылық қылмыстар саны бір жарым есе төмендеді. Дегенмен өкінішке қарай, жүргізіліп жатқан жұмыс пен заңнаманың біршама күшейтілуіне қарамастан бұндай заң бұзушылық жалғасып жатыр. Бұл қылмыстар жасырын, латентті сипатта болады. Кейде ата-аналардың өздері балаға жасалған зорлық туралы біраз уақыт өткеннен кейін біледі. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың шамамен 70 пайызы үйде әрі баланың жақындары тарапынан жасалады. Бұндай фактілерді анықтау механизмін қоғамдық сөгістен қорқу да қиындатады. Бұл жағдайда жәбірленушілер және олардың ата-аналары отбасында бәрі жақсы деп көрсеткісі келеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты әр екінші зорлық–зомбылық үйде жасалады. Ал тәртіп сақшылары үйлерге кіре алмайды. 30 пайыз жағдайда қылмыстық әрекеттер денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, ерте жүктілік фактілері бойынша анықталады. Десек те жүргізілген түсіндіру жұмысының арқасында азаматтар бұндай фактілер бойынша полицияға жиі хабарласа бастады. Талдау көрсеткендей, жасөспірімдерге қатысты қылмыстарға ықпал ететін жағдай – ата-аналар тарапынан бақылаудың болмауы. Көптеген жағдайда зорлық-зомбылыққа жаняұдағы келеңсіздік, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, төмен моральдық қасиеттер мен алкоголь ішімдігіне салыну әсер етеді», – деді Милюк.

 

Қолайсыз отбасы

Оның айтуынша, бүгін 7 мыңнан астам қолайсыз жанұя полиция есебінде тұр. Оларда 11 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын 40 мыңнан астам немқұрай ата-ана әрі заңды өкіл әкімшілік жауапқа тартылады. Полиция органдарының өтінішімен соттар жыл сайын 1 мыңға жуық ата-ананы өз құқынан айырады немесе шектейді. Тәртіп сақшылары айрықша жағдайларда ғана ата-ана құқынан айыру туралы өтініш енгізеді. Яғни, басқа әдістермен жағдайды түзеу мүмкін болмаған кезде солай жасалады. Отбасы қолайсыздығы әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы проблема саналады. Оны шешу ішкі істер органдарының құзыретіне жатпайды. Осыған орай, 2019 жылғы сәуірден бастап ІІМ бастамасымен заңнама деңгейінде жаңа институт – полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандар және қолайсыз жанұяларға медициналық-әлеуметтік есеп енгізілді. Бұндай есеп жүргізу жергілікті атқарушы органдарға артылды. Олар медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек, бейімдеу мен оңалтудан тұрады. Медициналық-әлеуметтік шаралар кешені отбасы қиын өмірлік жағдайдан шыққанша жалғасады әрі тәуекел топтардағы жанұяларға қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге ықпал етеді.  

Интернет қаупі

«Балаларды жағымсыз контенттен қорғау үшін интернет кеңістікте үлкен жұмыс атқарылады. 2020 жылы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бұғаттау үшін 2 мыңнан астам заңға қайшы интернет ресурс ұсынылды. Сондай-ақ порнографиялық материалдар мен заттарды заңсыз таратқаны үшін 45 қылмыстық іс қозғалды. Өз-өзін оқшаулау әрі қашықтан оқу жағдайында кәмелетке толмағандар көп уақытын интернетте өткізетіндіктен, ата-аналар олардың желіде уақытын қалай өткізетінін қатаң түрде бақылауы керек», – деді маман арнайы брифингте.

 

Заң сөйлесін

Алексей Милюктің дерегінше, балалар құқын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр. Педофилдерді шартты түрде соттау, қылмыстық жауапкершіліктен босату және мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған жәбірленуші, күдікті мен айыпталушы туралы БАҚ-та мағлұмат таратуға тыйым салынды. Балаларды олардың денсаулығы әрі дамуына зиян келтіретін мәліметтен қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылғаны туралы құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін денсаулық сақтау қызметкерлерімен қатар педагогтер және әлеуметтік қызметкерлерге жауапкершілік енгізілді. Зорлық-зомбылық пен сексуалды сипаттағы зорлау әрекеттері ауыр қылмыс санатына ауысты. Енді бұндай фактілер бойынша татуласуға болмайды. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жасырғандар 6 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Былтырғы желтоқсанда бұндай қылмыстарға жататын қылмыстар аясы кеңейді. Кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін сотталғандарға өмір бойы педагогикалық қызмет атқаруға әрі балалармен жұмыс істеуге тыйым салынады. Педофилдер бас бостандығынан айыру жазасын міндетті түрде ең қатаң мекемелерде өтеуі тиіс. Енді педофил жазасын өтегеннен кейін де бірнеше жыл бойы полицияның қатаң бақылауында болады.  

Қымбат Елтайқызы