БАӘ-де білім алуда ерекше қажеттіліктері бар жас қазақстандықтар суреттерінің көрмесі ашылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
БАӘ-де білім алуда ерекше қажеттіліктері бар жас қазақстандықтар суреттерінің көрмесі ашылды
ашық дереккөз

Аталған іс-шараны дипломатиялық өкілдік «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорымен ынтымақтастықта ұйымдастырды. Басшысы және құрылтайшысы Рада Хайрушеваның айтуынша, қор балалардың қабілеттері мен таланттарын ашуға, табысы аз отбасылар мен өмірдің қиын жағдайларына тап болған адамдарға лайықты білім алуларына, жақындарын материалдық және рухани тұрғыда қолдап тұруларына, жалпы өмірде өздерінің орындарын табуларына және қоғамға пайда әкелулеріне көмектеседі. Үкіметтік емес ұйым халықтың жағдайы осал топтарын оқыту, дамыту, әлеуметтік бейімдеу, кәсіптік бағдарлау және шеберлік сыныптары арқылы қолдап тұрады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – балаларға сурет өнерін оқыту. Биыл осы тақырыпқа жұртшылықтың назарын қосымша аудару мақсатында Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде осындай сипатта бірнеше көрмелер өткізілуде. Көрменің ашылуына Әмірліктердегі билеуші әулеттің мүшелері, елшілер және өзге де мәртебелі дипломаттар, БАӘ-де тұрып жатқан отандастарымыз, жергілікті мәдениет саласы мен БАҚ өкілдері қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Мадияр Меңілбеков аталған шараның әлеуметтік маңыздылығын, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен әзірленген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және азаматтарымыздың қайырымдылық сипатта еріктілердің қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларды қолдау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағыт-бағдары аясындағы көкейкестігін атап өтті. Сондай-ақ, Елші Наурыз мерекесі мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және БАӘ Ұлттық күнінің 50 жылдығын қамтитын мерейтойлы жылдың маңыздылығына бөлек тоқталды. Осындай тарихи тұрғыдан қысқа кезеңде екі ел арасындағы қарым-қатынастар қарқынды өсіп, нығая түсті. Елшінің айтуынша, екі мемлекет басшыларының күш-жігерлерінің арқасында Қазақстан мен БАӘ арасында өзара тиімді ынтымақтастық қалыптасып үлгермеген сала қалмады деуге толық негіз бар, және бұны Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің 13-15 наурыз аралығында өткен БАӘ-ге табысты сапары кезекті рет айқын растады. Сонымен бірге, іс-шара шеңберінде Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясында араб жазушысы Насер әл-Захериге ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткен іс-шараларды өткізуге қосқан елеулі үлесін мойындау ретінде Қазақстанның Мәдениет және спорт министрінен келген алғыс хатты табыстау және Әмірліктердің 17 жасар тұрғыны Натали Хамфридің қазақстандық тақырыптарға салған екі суретін Елшілікке және «Аялаған алақан» қорына сыйға тарту рәсімдері орын алды.