«Астана Опера» әртістері Абайдың 175 жылдығына орай тағайындалған ТҮРКСОЙ медальдарімен марапатталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» әртістері Абайдың 175 жылдығына орай тағайындалған ТҮРКСОЙ медальдарімен марапатталды
ашық дереккөз

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасеинов салтанатты шара барысында театрдың жетекші солистері Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мұсабаев, концертмейстер Раушан Бескембирова, «Астана Опера» симфониялық оркестрі виолончельдер тобының концертмейстері, музыка әрлеуші Дәулет Шәкіров және тағы басқаларға медаль табыс етті. Марапаттау кезінде Дүйсен Қасеинов қазақтың ұлы ойшылы, ағартушы Абай Құнанбайұлына арналған кітаптың тұсауын кесіп, жиналғандарға сыйға тартты. Театр ұжымы қазақ әдебиетінің классигі, ағартушы, ойшыл әрі қоғам қайраткері ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеуді жоғары деңгейде өткізді деп нық сеніммен айтуға болады. - Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының еңбегімізге керемет баға беруі біз үшін зор құрмет. Былтыр жыл бойы індетке байланысты қиындықтарға қарамастан, «Астана Опера» театрының ұжымы көрнекті ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған көптеген концерттер өткізді. Оның барлығы онлайн форматта да, оффлайн түрде де Үлкен және Камералық зал сахналарынан орын алды. Және, әлбетте, жыл бойы афишамыздың сәні болған қазақ ұлттық өнерінің қазынасы – «Абай» операсы сахналанды. Бұдан бөлек, театр фойесінде 175 жылдыққа арналған «Абай» операсындағы бейнелер» атты көрме өтіп, еліміздің БАҚ өкілдерін елең еткізді, - деп атап өтті Талғат Мұсабаев. «Астана Операның» Камералық зал сахнасындағы марапаттау рәсімінде жарқын бағдарламамен өнер көрсеткен әртістер ерекше көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина, Раушан Бескембирова мен басқа да өнерпаздар Абайдың сөзіне жазылған музыкалық нөмірлер ұсынды. Сондай-ақ бұл күні қазақстандық өнердің өзге де қайраткерлері – баритон, ұстаз Шахимардан Әбілов, домбырашы, қазақ халық әрі дәстүрлі әндерді орындаушылар Ерлан Рысқали мен Клара Төленбаева, композитор, музыка әрлеуші Тасқын Жармұхамет мерейтойлық медальдарға ие болды.