Қазақстандық зияткерлер табиғи су қоймаларын қоқыстан тазартатын эко-робот макетін жасады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қазақстандық зияткерлер табиғи су қоймаларын қоқыстан тазартатын эко-робот макетін жасады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111978026999422.webp)
Олар – Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Аружан Қаймолдина мен Нұрбол Мақтаев. «Негізгі тіршілік көзі судың ластануы туралы ақпаратты оқығанымда сене алмадым. Осының барлығы адамның, яғни өзіміздің қолымызбен жасалатындығы өте өкінішті. Сол үшін қалайда бір әрекет жасауды ұйғарып, осы жобамен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап айналыса бастадым. Идеямды жыл сайын мектебімізде өтетін жас өнертапқыштар күнінде көпшілік назарына ұсындым. Қорғаған жобам сайыста жеңіске жетіп, ұстаздарымыз бен достарымның қызығушылығын тудырды. Бұл осы робот макетін жасауымызға түрткі болды. Дегенмен макетті жасау барысында көмекші қажеттілігі сезіліп, Нұрболға ұсыныс жасадым. Ол қолдау білдірді», - деді 9-сынып оқушысы Аружан Қаймолдина. Құлтемір жасауда тәжірибесі бар Нұрбол Мақтаев – WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасының жүлдегері. Бұған дейін ол бірнеше құлтемірдің макетін әзірлеген. «Біздің мақсат – судың бетінен және оның түбінен қоқыс жинайтын, сонымен бірге су қоймасының экологиялық жағдайын бақылайтын роботтандырылған кешен құру. Біз алдымен жұмыс моделін жасай бастадық. Роботтандырылған кешеннің өзі екі бөлікке бөлінді: аэроқайық және жылжымалы қалқымалы механизм. Аэроқайық роботты кешенді су қоймасы арқылы берілген маршрут бойынша жылжыту функциясын орындады. Жылжымалы қалқымалы механизм су астында және үстінде қоқыс жинауды қамтамасыз етеді. Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үстіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын бақылайды», - деді жоба авторларының бірі, 11-сынып оқушысы Нұрбол Мақтаев. Жас зерттеушілердің ендігі жоспары – токсиндер мен зиянды химиялық қосылыстардан тірі ағзаларға зиян тигізбейтін немесе әсер етпейтін суды тазартатын химиялық заттарға IGW қосу. Сонымен қатар жобаны жетілдіріп, «Дарын» сайысына қатысу және жобаны патентке ұсыну.