Вакцина салса, ораза бұзыла ма
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Вакцина салса, ораза бұзыла ма](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111980528598213.webp)
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мәліметінше, шариғат бойынша табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген сұйықтық оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген сұйықтық оразаны бұзбайды. «Оған «терідегі ұсақ тесіктер арқылы май тәріздес сұйықтықтың ішке кіруі оразаны бұзбайды» деген пәтуа дәлел. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад бұл үкімді былай тұжырымдаған: «Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені олардың пікірі бойынша дәрінің ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Сондай-ақ жара арқылы ішке баратын жолдың тығыздылығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан дәрінің ішке жетуі екіталай. Бірақ Имам Әбу Ханифа: «Қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жеткені үшін ораза бұзылады» деген. Сонымен қатар сұйық дәрінің ішке, бас миға жететінін ескерткен», – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары. Дін қызметкерлері ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден екпенің қандай дәрі екенін сұрап білуге кеңес береді. Олардың айтуынша, ораза кезінде екпе салу қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейінгі уақытқа немесе Рамазан айынан тыс күндерге қалдырғаны абзал. «Қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін, сонымен қатар денеге қуат, азық болмайтын етіп, екіге бөліп қарастырады. Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) екпе салса, ауыз ашылмайды. Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарастары бірдей емес. Кейір ғалымдар «тамырға салынатын екпе денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды» деп есептейді. Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды. Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден екпенің қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Алайда ораза кезінде екпе салу қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейінгі уақытқа немесе Рамазан айынан тыс күндерге қалдырғаны абзал», – дейді ҚМДБ өкілдері.