Елордада «Дүние-Ғапыл» метафизикалық драмасының премьерасы өтіп жатыр
Аталған қойылым орыс драматургі Наталья Мошинаның «Свет» атты шығармасының желісі бойынша қойылды. Театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров аталған туындыны қазақ тіліне аударып, сахналады. Музыкамен көркемдеген және режиссердің ассистенті – Мекан Жұмабаев. Ал бас хормейстер – Әлихан Ыдырысов. «Дүние-Ғапыл» спектаклі – адамзат өмірінің қаншалықты құнды, қысқа, жалған екенін көрсететін туынды. Күйбең тіршілікте уақыттың қадірін білмей, ақшаның соңында жүріп, қиындықтардан көз ашпай, дүниенің қалай өтіп кеткенін сезбей қалған кейіпкерлердің жан тебіренісі көрермен көзіне жас үйірді. Метафизикалық драма уақыттың қадірін білдіретін, жақын жандарды бағалау керектігін, әр күнді босқа өткізбей, ғұмырдың маңыздылығын бағдарлайтын рухани құндылық. Спектакльде Ғайыптың рөлін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген, Абзал Арапов, Асқар Жұмабеков сомдайды. Маздақтың рөлін Оразалы Игілік, Ерназар Жаңатілек сахналайды. Римманың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова мен Ләйлә Темірхан сомдайды. Жасынның рөлін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұрмағанбетов ойнайды. Ал Сүйрік атты кейіпкердің рөлін Диана Асқар, Жансая Өмірбекова, Нұрай Рысбекова сахналайды. «Менің кейіпкерім, қорқақтау, аңғал мінезді. Анасы екеуі ғана тұрады. Денсаулығында кішкене ақау болғандықтан анасы санаториға емделуге жіберген. Бара жатқан жолда қыз көлік апатына ұшырап қайтыс болады. Бұл кейіпкер маған ұқсайды деп айтсам да болады. Біз кейіпкерімізді алдын-ала зерттейміз», - деді актриса Диана Асқар. «Мен сомдаған Маздақ рөліндегі кейіпкер ащы су ішіп, сырт көзге қатал көрінгенмен ар жағында жақсы адам. Спектакль соңында кейіпкерім өзгереді. Философиялық ойлар айтып, өмірдің мәні жайлы дүниелер айтады. Арпалыс өмірде күн-түн демей жұмыс істеп, жалған екенін білмеген Маздақ табытты көргенде өзгеше ой түйіп, шындыққа көз жүгіртеді», - дейді Игілік Оразалы.