Елорданың Достық үйінде масленица мерекесі атап өтілді
Мерекелік іс-шара барысында мыстан кемпір, қыс, көктем секілді ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар қойылды. Оған «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық филиалының, «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігінің, «Оберег» украиндар қоғамының, «Радима» белорус мәдени орталығының, «Тан» татар-башқұрт этномәдени орталығының, «Злата» болгар этномәдени орталығының шығармашылық ұжымдары атсалысты. Ал мерекелік шараға қонақ болып қатысқандар әртістермен бірге ән айтып, би биледі. Сол сияқты ұлттық киімдерді тамашалап, жаңа піскен құймақтан дәм татты. Осыдан кейін ұйымдастырушылар «Қуыршақ-Масленица» видеоконкурсына қатысқандарды марапаттады. Конкурс талабы бойынша олар бар өнерін салып, қуыршақтар әзірледі. Ал бұл процестің бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге #кукламасленицанурсултан хэштегімен жариялады. Ал «Богатырь» видеоконкурсына қатысушылар арасында турникте барынша көп тартылғандар грамоталармен марапатталып жатты. Талап бойынша қатысушылар турникте тартылғанын видеоға түсіріп, оны #богатырьнурсултан хэштегімен әлеуметтік желілерге жариялады. Мерекелік іс-шара мұнымен де тоқтамады. Аталмыш мереке жайлы өлең шығарғандар да #стихмасленицанурсултан хэштегімен әлеуметтік желілерге таратып жатты. Масленица мерекесі барысында елордалықтар гир көтеру, армрестлинг, арқан тарту секілді спорттық жарыстарға қатысты. Сол сияқты шапшаң әрі ептілері де өз қабілеттерін дорба ішінде тұрып қашықтыққа секіру жарысында байқатып жатты. Ал мерекелік кеш соңында дәстүрлі түрде арнайы әзірленген тұлыпты өртеді. «Масленица қысты шығарып салып, көктемді қарсы алу, осылайша әлемді жаңарту түсінігімен байланысып жатады. Бұл мереке Еуразия кеңістігінде көнеден бері тойланып келеді. Ал Қазақстан елінде тұратын түрлі ұлт өкілдері үшін бұл интернационалды мерекеге айналды», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов. «Биыл масленица мейрамы 8-14 наурыз аралығында тойланады. Бұл мереке славян халқында сонау ғасырлардан бері келеді. Жұрт мерекені тойлағаннан кейін егін бітік шығып, дәулетті ұрпақ келеді деп ырымдаған. Мереке жаңа туған күнмен, осыдан барып дәстүрлі құймақпен байланыстырылады», - дейді «Радима» беларусь этномәдени орталығының төрағасы Дмитрий Останкович. Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Ресей Елшілігінің Әскери атташесінің аға көмекшісі Талғат Юмадилов өз сөздерінде бұл мереке ортақ мәдени байланыстар мен дәстүрлерді сақтауға ықпал ететінін айтып өтті. Дәстүр бойынша масленица мерекесі кезінде жұрт құймақ пісіріп, бір-біріне қонаққа барады. Ал мерекенің соңғы күні жексенбімен тұспа-тұс келгендіктен жұрт жыл бойы кеткен қателіктері үшін бір-бірінен кешірім сұрайды. Айта кетейік, іс-шара толығымен санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті.