Алтай Көлгінов: Бір жарым жыл ішінде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың саны екі еседен астам азайды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Алтай Көлгінов: Бір жарым жыл ішінде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың саны екі еседен астам азайды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172112000234148001.webp)
«Жүйелі шешіліп жатқан өзекті мәселелердің бірі - қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау. Бүгін бірқатар құрылыстың жайымен таныстым. "Жеті жол", "Зере-1", "Ақерке-2" тұрғын үй кешендеріне бардым. Олардың бәрінде құрылыс жылдар бойы тоқырап тұрды. Былтыр басталған пандемияға қарамастан, құрылыс тоқтап қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Мысалы, құрылысы ұзаққа созылған "Зере-1" тұрғын үй кешенінің жеті жылдық тарихы бар. Үлескерлерінің саны - 200-ге жуық. Бірінші кезекте үйге де, инженерлік желілерге де барлық жобалау-сметалық құжаттаманы дайындадық. Мұнда үйдің қаңқасы ғана болды. Тұрғын үй кешенінің қасбеті бойынша жұмыстар жүргізілді, терезелер, есіктер, лифтілер орнатылды. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй кешені инженерлік желілерге: суға, электр энергиясына, жылуға және кәрізге қосылған», - дейді қала әкімі.
Сөзін жалғай отырып, "Ақерке-2" тұрғын үй кешенінің жағдайы да "Зере-1"-ге ұқсас екенін айта отырып, 150-ден астам отбасы жеті жылдан астам өз пәтерлерін күтіп жүргенін жеткізді. Тұрғын үй кешенінде үйдің қаңқасы аяқталып, терезелер, есіктер, лифтілер орнатылды.
«Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, қасбеті бойынша жұмыстар жүргіздік. Үлкен мәселенің бірі гараждарды бұзу болды. Гараждарды сатып алу жұмыстарын жүргіздік, бұл инженерлік желілерді үйге жеткізуге мүмкіндік береді. Ал "Жеті жол" тұрғын үй кешеніндегі үлескер саны - 600-ге жуық. Үйдің онжылдық тарихы бар. Үйге және инженерлік желілерге жобалау-сметалық құжаттаманы түзету бойынша жұмыстар жүргізілді. Терезелерді орнату, инженерлік желілерге қосу және т.б. бойынша жұмыстар жалғасып жатыр», - деп атап өтті.
Құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, үйлердің сапасына ерекше назар аударуды, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақтарды абаттандыруға кірісуді тапсырғанын айрықша атап өтті. Аталған үш үй осы жылы пайдалануға беріледі.
«Бір жарым жыл ішінде (2019 ж. жазынан бастап) құрылысы ұзаққа созылған нысандардың саны екі еседен астам азайды. Үлестік құрылыс нысандарындағы көрініс әртүрлі: бір жерде тек шұңқыр болса, бір жерде салынған блоктарды толығымен бұзу қажет, өйткені - олар тұруға арналмаған әрі қауіпті. Дегенмен, әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Биыл пәтер кілтін тағы 7 мың үлескерге беруді жоспарлап отырмыз», - деді Алтай Көлгінов.