Кітапхана ісі жөніндегі Көркемдік кеңестің отырысы өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Кітапхана ісі жөніндегі Көркемдік кеңестің отырысы өтті
ашық дереккөз

"Қазақстан кітапханалары сындарлы кезеңде: дамудың жаңа үрдістері" атты тақырыпта өткен Көркемдік кеңестің отырысына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов пен ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Е.Дәуенов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры К.Сейітова, республикалық кітапханалардың және жергілікті атқарушы органдарына қарасты облыстық әмбебап кітапханалар мен зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана саласының өкілдері, соның ішінде Көркемдік кеңес мүшелері, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ү.Мұңалбаева, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Оспанова, Республикалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директоры А.Құсайынұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор Д.Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ибраев т.б. қатысты.

Кеңес отырысында Кітапхана ісі бойынша бүгінгі заман талабына сай өзекті мәселелер, атап айтқанда "Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының" қызметін жандандыру, еліміздегі мәдениет саласындағы кітапханалардың бірыңғай электрондық каталогына республика бойынша кітапханаларды интеграциялау, бұдан әрі білім беру саласындағы кітапханалардың электрондық каталогымен интеграциялау жұмыстарын жүргізу, кітапхана ісінде кітапқа тапсырыс беру секілді қосымша ақылы қызмет түрлерін енгізу және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Көркемдік кеңес отырысының ұсынымдары Кеңестің хаттамалық шешімімен бекітіліп орындау үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдарына қарасты әмбебап кітапханаларға жолданатын болады.