Жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірін сапалы интернетпен қамту үшін 2 жоба жүзеге асырылуда – Мусин

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірін сапалы интернетпен қамту үшін 2 жоба жүзеге асырылуда – Мусин
ашық дереккөз

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин онлайн брифингте сапалы интернетпен қамту жобалары туралы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Қазіргі уақытта интернет біздің күнделікті көмекші құралымызға айналды. Сондықтан байланыс операторлары интернет кеңістігін кеңейтуді қолға алып отыр. Бүгінде елімізде 6 459 ауыл бар болса, соның 4 646-сында әртүрлі технологиялар қолданыла отырып, қолжетімді интернетпен қамтылған. Бірақ әртүрлі технологиялардың сапасы да әртүрлі. Елімізде 4 түрлі интернет қолданылады. Мыс кабелі арқылы. Ол оптика пайда болғанға дейін қолданылған. Талшықты оптикалық байланыс желілері арқылы және радиоэлектрлік арқылы, сонымен қатар жерсеріктік интернет арқылы. Жерсерік интернет байланысы өте қымбат болып саналады. Қазақстанда интернет сапасын жақсарту үшін 2 жоба жасалып отыр. Оның бірі – талшықты оптикалық байланыс желілері арқылы 2020 жылдың соңына дейін 1 256 ауылды интернетпен қамту жобасы. Бұл жоба бойынша 20 мың шақырымнан астам оптика желісі салынады. Қазіргі уақытта мыңнан астам ауыл мектептері мен мекемелер сапалы интернетке қосылған. Қалған 200-ден астамы жыл соңына дейін қосылатын болады. Екінші жоба – 250-ден аса тұрғыны бар ауылды елді мекендерді 3G және 4G мобильді желілерімен қамтамасыз ету. Қазірдің өзінде 150 ауылда бұл интернет желісі қосылған. Жыл соңына дейін 700-ден астам елді мекен осы сапалы интернет желісіне қосылатын болады», – деді ол.