Президент Жолдауы әлеуметтік бір серпілтіп тастады – Елдос Тоқтарбай

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Президент Жолдауы әлеуметтік бір серпілтіп тастады – Елдос Тоқтарбай
ашық дереккөз

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай Президенттің Жолдауына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына жолдаған кезекті Жолдауын тікелей эфир арқылы мұқият тыңдап шықтық. 1,5  сағатқа созылған Жолдаудың да реті мүлде бөлек. Мемлекет басшысының бұл жылғы Жолдауы да көтеріп отырған ауқымды мәселесімен қызу талқыланады деп сенеміз. Пандемия жағдайындағы өзгерістер мен геосаяси жүйенің құбылуы, экономикалық дағдарыс сияқты мәселелерді ескеріп, ел ағасы ретінде есті сөз айтты. Жолдауда әдеттегідей біраз мәселе көтерілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзден іске көшетін уақыттың да жеткенін тілге тиек етті. Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын да кесіп айтты», – деді Елдос Тоқтарбай. Оның сөзінше, Президент Жолдауындағы ең ұтымды ой  – «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданып, ЭКО бойынша бала сүюге жағдай жасалатыны турасындағы идеясы. «Бұйырса, бала тууды ынталандыруға мемлекеттік саясаттың бет бұрғаны талай шаңырақты қуантады. Сонымен қатар Президенттің ауылшаруашылығы, әлеуметтік сала, білім және ғылым, медицина, экология саласы туралы айтқан ұсыныстары да өзекті. Ойымды жинақтай айтсам, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза халық күткен, елді толғандырып жүрген сөзді айтып, әлеуметті бір серпілтіп тастады. Енді Президент тапсырмасы толық жүзеге асуына ел болып атсалысуымыз қажет», – деді ол.