Қазақстанда бұрынғы Семей полигоны жеріндегі экологиялық қауіпсіздікті күшейтетін заң жобасы қолға алынды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда бұрынғы Семей полигоны жеріндегі экологиялық қауіпсіздікті күшейтетін заң жобасы қолға алынды
ашық дереккөз

«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Қауіпсіздік Кеңесінің және ҚР Үкіметі басшылығының тапсырмаларына сәйкес әзірленді, деп хабарлайды Елорда Инфо Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын қабылдаудың мақсаты бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған аумақтарында және оған іргелес жерлерде радиациялық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақты оңалту және полигон жерін пайдалану мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейту болып саналады. «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасында:

  1. Бұрынғы Семей сынақ полигонының жерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда арнайы аймақ – «Семей ядролық қауіпсіздік аймағын» құру;
  2. Радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;
  3. Полигон аумағында тарихи қалыптасқан радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату жолымен Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;
  4. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу көзделеді.

Заң жобалары ғылыми-құқықтық, ғылыми-экологиялық және ғылыми-экономикалық сараптамадан өткізілді. Заң жобаларының ережелерін іске асыру өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталады.