Жандарбек Мәлібеков: Жолдаудың әрбір жолы – барша жұрт үшін қуанышты хабар

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жандарбек Мәлібеков: Жолдаудың әрбір жолы – барша жұрт үшін қуанышты хабар
ашық дереккөз

Елтаңба авторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеінің профессоры Жандарбек Мәлібеков Президенттің бүгінгі Жолдауына өзінің пікірін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  халыққа Жолдауы – елдің алдында тұрған сұрақтарға жауап беретін нақты міндеттер. Ондағы жоспарлардың Қазақстан халқы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына қуаныштымыз. Өз басым Президенттің  алға қойған мақсаттарының табысты жүзеге асатынына сенімдімін. Шыны керек, туған Қазақстанымыз, тәуелсіз мемлекетіміз жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық жағынан іргесі бекіп, керегесі кеңейіп, әлемдік қауымдастық алдында беделін күрт арттырып келеді. Біздің дәулетіміздің осындай белесті биікке көтерілуінің заңды негізі бар. Олай дейтініміз, елімізде өмір сүруге қажеттінің бәрі де жасалған. Мәселен, Жолдауда айтылған кәсіпкерлерге деген жанашырлықты мен осыған қосар едім», – деді Жандарбек Мәлібеков. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының Елбасы бастамаларын жалғастырып келе жатқанын атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нарықтық қатынастарға алғаш көшкен кезеңнен кәсіпкерлерге жағдай жасауды қолға алды. Мұның оңды бағыт болғанын осы күні байқап отырмыз. Осы шағын және орта бизнес арқылы еңселерін көтеріп кеткен мемлекеттердің көп екенін де енді біліп жүрміз. Ал мемлекеттің әл-ауқаты артса, өнер мен мәдениеттің де шырайы кіре беретіні бесенеден белгілі. Сондықтан Тұңғыш Президенттің ісін бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастырып, тағы да экономиканы көтеруге бағыт ұстағаны көңілімізге жылылық ұялатты. Әсіресе, өңделген тауарларды шетелден тасымай, өзімізде қайта өңдеу қажеттігі туралы айтқаны ұлттық индустрияны алға жетелейді», – деді Елтаңба авторы. Оның айтуынша, бұл Жолдау – барша жұрт үшін қуанышты хабар. «Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экономикалық дамудың жаңа бағыттары мен ауылшаруашылығын дамыту мақсатында шұғыл шара қабылдау қажет екенін айтты. Жерді сатуға байланысты жарияланған мораторийдің келесі жылы аяқталатынын жеткізді. «Келесі жылы жерді сатуға қатысты мораторий уақыты аяқталады. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет жерді ауылшаруашылығына пайдалану тәсілдерін әзірлеуі тиіс», – деді Президент. Сондай-ақ қазіргі уақытта қызмет етіп жатқан адам зейнетақы қорын тек зейнетке шықаннан кейін қолдана алады. Алайда олардың бұл қаражатты ол кезге дейін қолданғысы келетінін Президент былтырғы Үндеуінде айтқан еді. «Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жұмыстарын жүргізуі тиіс», – деген болатын. Бұл мәселе шешімін таппай, биылғы Жолдауда тағы қозғалды, сөйтіп, жыл соңына дейін түйінін тарқату тапсырылды. Қысқасы, бұл Жолдаудың әрбір жолы бүгінгі таңда еңбек етіп жатқан барша жұрт үшін қуанышты хабар екені айдан анық», – деді ол.