Елордада жетім балаларға арналған қайырымдылық-әлеуметтік жоба қолға алынды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада жетім балаларға арналған қайырымдылық-әлеуметтік жоба қолға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172120676825124865.webp)
Қазақстан тәуелсіздікке ие болған күннен бастап балалар құқығы мәселесі негізгі тақырыптардың тізімінде тұр. Биыл халықаралық қауымдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияға 31 жыл болса, Қазақстан Республикасында аталмыш конвенцияның бекітілгеніне 26 жыл толды. Осы конвенция негізінде 2002 жылы тамызда Қазақстанда «Балалар құқығы туралы» заң қабылданды. Заң дегеніміз қоғамның негізгі тірегі. Қоғам деп отырғанымыз – адамдар. Ендеше әрбір азаматтың халықтың әлсіз тобы - жетім балаларға деген оң көзқарасы болғаны жөн. Ол үшін қандай қадамдар жасалу керек? Ең бірінші жетім балалар құқын қорғай отырып, Қазақстанда жетімдер үйлерінің санын көбейтуге емес, отбасы және неке құндылықтары институтын нығайтуға жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 30 мыңдай . Оның ішінде 8 мыңға жуығы жетімдер үйінде тәрбиеленуде. 22 мыңы туыстарының немесе асырап алған ата-аналар қамқорлығына берілген. Алайда мұнымен мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Сондықтан қазір дәл осы санаттағы балаларға қолдау ауадай қажет. Бүгінгі таңда еліміздегі және әлемдегі аса көкейкесті мәселелердің бірі – балалардың әлеуметтік-психологиялық жағдайы, денсаулығы, қоршаған ортаның баланың өміріне белсенді қатынасуы, өздеріне және әлеуметке оңды қатынасы және оларды құқықтық жағынан қорғау. Нұр-Сұлтан қаласында осындай тағдыр тәлкегінде қалған балаларды өмірге бейімдеу, қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіру мақсатында елордада қайырымдылық-әлеуметтік жоба қолға алынды. Қанатқақты жобаны Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп жүзеге асырмақ. Қалалық жастар мәселелері басқармасы басшысының айтуынша, осындай санаттыға жастарға үлкен қолдау жасау жастар басқармасының басты жұмысы. Бұл мәселелердің оңтайлы бір шешімі жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды дамытуға, тәрбиелеуге, оқытуға қатысты, теориялық және практикалық педагогикалық, психологиялық негіздерді айқындаумен байланысты. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық мақалының жаны бар. Елімізде қорғансыз балалардың құқын қорғап, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіп жүрген ұйым, қор басшыларымен пікірлесе отырып, әсіресе жетім балалардың интернаттан кейінгі өмір салтына салиқалы көзқарас керек екені айқын болды. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаны ұйымдастырушылар нақты істерді қолға алмақ. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 862 жетім бала болса, жұмыс жасап тұрған тастанды балаларға арналған мекемеде 176 тәрбиеленуші бар. Ал балалар үйі мен балалар ауылында 72 жетім тәрбиеленуде. Бұл шаңырақтан шыққаннан кейінгі жасөспірімдердің тағдыры қалай болады деген сауал төңірегінде сарапшылар мен психологтар тыңғылықты жұмыстанбақ. Қазіргі қолда бар дерек бойынша соңғы 10 жылда балалар үйінен 238 бала шыққан. Бүгінгі басты мақсат олардың білім алуына күш салу болып отыр. Елордадағы кәмелеттік жасқа толуына байланысты балалар үйлерінің 18 бен 29 жас аралығындағы түлектері туралы толық дерекқорды жинап, оларды баспанамен қамту, білім алуы, отбасылық жағдайы, денсаулығы сияқты өзге де проблемаларды шешуге атсалысу. Мысалы мемлекеттік тұрғын үй қорында 2788 кәмелетке толған бала кезекте тұрса, былтыр 127-сі кезек бойынша баспаналы болғанын айта кеткен жөн. Енді іс-шаралар кешенін жүзеге асыру барысында жастарға қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі дегенге тоқталсақ: Осы жерде сарапшының зерттеу жұмысы кеңінен жүргізіледі. Өйткені жоба нәтижесінде қандай жұмыстар атқарылып, шешімі қалай табылатыны сарапшы жұмысына байланысты. Бұл бағытта сарапшы жұмысы қалай іске аспақ?
- Алдымен жастардың әлеуметтік жағдайына жан-жақты зерттеу жасау. Зерттеу арқылы жастардың уәждемесін арттыру, қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша тренингтер өткізу, танымдық кездесулер ұйымдастыру және шеберлік сағаттары мен оқыту семинарларын өткізу жоспар бойынша жүзеге асады.
- Сауалнама жүргізу. Жетім балаларға көмек көрсету проблемасын саралау, қоғамдық қор деңгейінде жетім балаларға көмек көрсету жолдары туралы ақпаратты сұрыптай отырып, арнайы осы мәселелерге байланысты сауалнама жүргізіледі. Бұл сауалнама нәтижесі нені көрсетті? Қандай қорытындыға келді? – деген бағытта өткізілген зерттеу нәтижесінде анықталған жайттар бойынша шешім қабылданады.
- Талдау және портрет. Қамқорлыққа зәру балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеп, жетім балаларға көмек көрсету мен әлеуметтік жетімдік проблемаларына сарапшылардың көзқарасы туралы ақпаратты жинақталады.Яғни әр баланың әлеуметтік портреті жасалады. Сол арқылы арнайы топтардың пікірін сараптау. Арнайы топтың құрамында қоғамдық бірлестіктер, қоғам белсенділері, ҮЕҰ т.б. өкілдері болады.
- Тұжырымдаманы әзірлеу. Басқа қалалардың оқу орындарының басшыларымен байланыс орнатып, жобаның мақсат-міндеттерін таныстыру. Осы арқылы балаларды өзге қаладағы оқу орындарында білім алуға ықпал жасау да кешенді істің бірі. Сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерді жоғары оқу орындарына, орта арнайы білім беру колледждеріне қабылдауды жеңілдету. Басты мәселе - әр балаға жасалған әлеуметтік портретін жасалғаннан кейін туындаған проблемаларға тиісті органдар арқылы жауап іздеу.
Өз кезегінде бұл жұмыстардың бәрі де тегін жасалады. Өйткені ата-анасыз қалғандар қашан да мемлекеттің жіті назарында. Олардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән бере отырып, қамқорлық көрсете жүріп, елдің келешек патриоты ретінде тәрбиелеу, жауапкершілік жүктеу парызымыз. Себебі ақ пен қара қатар жүрген өмірдің тосын сыйына әзір болу, көтере білу рухтың беріктігінен. Сондықтан рухы берік, еңсесі биік азамат ретінде қалыптастыру қоғамның назарында. Ал жаңа жоба арқылы жетім балалардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуге қоғамның назарын аудару – басты мақсат. Бұл жұмыстар сарапшының арнайы зерттеулерінен кейін, талдауларға сүйене отырып, алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)